Астананы Қазақстанның батысымен жалғайтын жаңа автожол салынады
Қытай корпорациясымен меморандум бекітілді

Көлік министрлігі қытайлық CITIC Group корпорациясымен бірлесіп, Астананы елдің батыс өңірлерімен жалғайтын стратегиялық маңызы бар жаңа автожол салады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Қазақстанның Көлік министрлігі мен Қытайдың CITIC Group корпорациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
«Құжаттың негізгі мақсаты – Астананы елдің батыс өңірлерімен жалғайтын стратегиялық маңызы бар «Орталық – Батыс» жобасын бірлесе іске асыру», - делінген министрлік хабарламасында.
Президенттің тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл жоба өңірлер арасындағы байланысты күшейтіп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға бағытталған, дейді ведомстводағылар.