$ 510.19  582.79  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық банк базалық ставкаға қатысты шешім қабылдады

Базалық мөлшерлеме өзгерген жоқ

Ұлттық банк базалық ставкаға қатысты шешім қабылдады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім қабылданғанда нақты деректер, жаңартылған болжамдарды талдау мен инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау көрсеткіштері ескерілді», - делінген хабарламада.

Жылдық инфляция – 11,3%

Ұлттық банктің ақпаратынша, мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жеткен.

«Соңғы айларда бағаның өсуіне түрткі болған негізгі қозғаушы фактор – реттелетін тарифтер мен нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауына байланысты сервистік инфляция болып отыр. Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары бойынша да жеделдегені байқалды. Мамырда айлық инфляция тарихи динамикадан айтарлықтай асып, 0,9% болды. Базалық және маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция көрсеткіштері бір жылға есептегенде тиісінше 10,1%-ды және 11,4%-ды құрады. Осының барлығы тұтынушылық сұраныстың қайта артуынан, өндіріс шығындарының өсуінен, сондай-ақ фискалдық ынталандырудың жалғасуынан бағаға қысым сақталып отырғанын көрсетеді», - дейді ведомстводағылар.

Сыртқы сектор тарапынан да бағаға қысым күшейе түскен.

Инфляция қайта қаралды

Ұлттық банк 2025 және 2026 жылдарға арналған инфляцияға қатысты болжамды қайта қараған.

«2025 жылы инфляция – 10,5-12,5%, 2026 жылы – 9,5-11,5% шегінде болады деп күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 5,5-7,5%-ға дейін төмендейді. 2025-2026 жылдар аралығында инфляция болжамын көтеру жағына қайта қарау азық-түлік бағасының өсуіне, сұраныс салдарынан жоғары инфляциялық қысымға және мұнай бағасының төмендеуіне негізделеді. Ішкі сұраныстың күшеюі, сыртқы инфляцияның жеделдеуі және инфляциялық күтулердің тұрақсыздығы болжамның негізгі тәуекелдері болып қалып отыр», - деп атап өтті Ұлттық банк.

Серіктес жаңалықтары