Қазақстанда маусым айынан бастап шағын бизнеске несиенің жаңа түрі беріледі
Аталмыш несиенің жылдық үстеме ақысы 6%-дан аспайды

«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына жаңа бағыт қосылды. Енді шағын бизнесті қолдау үшін кәсіпкерлерге 6%-дан аспайтын шағын несие беріледі. Бұл жайында онлайн форматта өткен халыққа есеп беру кездесуінде Ұлттық эконимика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа бағыт осы маусым айынан бастап іске қосылады.
Бұл несие микрокредитке жатады. Яғни, кәсібі бар, бірақ айналымындағы құралдарын көбейте алмай отырған кәсікерлерге 5 млн теңгеден артық, ал өндірісі бар кәсіпкерлерге 20 млн теңгеден артық несие берілмейді. Жаңа бағыт кәсіпкерлерге жылдық үстемақысы 6% аспайтын мөлшерлеме бойынша субсидиялауды көздейді.
«Бұл несиенің жылдық үстеме ақысы – 6%. Шағын бизнесті қолдау маңызды мәселе болып тұр. Шағын және орта бизнесті және микробизнесті дамыту үшін несие беру және кепілдік мәселесін шешу керек. Сондықтан «БЖК 2025» мемлекеттік бағдарламасына «микро және шағын бизнесті микрокредиттеу» жаңа бағыты қосылады», - деп түсіндірді Дәленов.
Ал, банк талап ететін кепілдік мәселесін Даму қоры арқылы шешу көзделіп отыр. Егер кәсіпкердің банкке ұсынатын кепілдемесі жеткіліксіз болса, Даму қоры негізгі займның 85%-на дейін кепілдендіреді.
«Қазір жаңа бағыт – «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына өзгеріс еніп жатыр. Сондықтан жаңа бағытты осы ай ішінде іске қосу жоспарланып отыр», - деді Ұлттық экономика министрі.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан