$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ауыл аманаты» мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бірігеді - Әшімбетов назарда ұстау керек мәселелерді атады

Мәжіліс депутаты,  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов бірқатар мәселені атап өтті

«Ауыл аманаты» мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бірігеді - Әшімбетов назарда ұстау керек мәселелерді атады
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Биыл ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл мәселесіне қатысты тапсырма берді. Ауылға қатысты көп бағдарламаны қосып, негізгі «Ауыл аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларына біріктіруді тапсырған. Осылай деген аграрлық кеңестің төрағасы, мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов аграрлық кеңестің отырысында сарапшылардың, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен жауапты министрліктердің өкілдерін жинап, жоспарларды пысықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржылық тетіктер мен микронесиелеу департаменті директорының орынбасары Олжас Тілеубалдиннің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылы президенттің тапсырмасына орай басталып, бірінші жылы 100 млрд теңге көлеміндегі қаржыға ие болған еді.

«Осы қаражаттың ішінде 96 млрд теңгеге 15,1 мыңға жуық шағын кредит берілді. 16,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жерде айта кету керек, Ақтөбе облысы игере алмау қауіпіне байланысты ақшаны бюджетке қайтарып берді. Жалпы игерілген қаражаттың бірінші жылы 78 пайызы мал шаруашылығына, 4 пайызы өсімдік шаруашылығына, 5 пайызы техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға және 13 пайызы басқа салаларға бағытталды», - деп атап өтті Тілеубалдин.

Ал ұлттық экономика министрлігі өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Жәнібек Жанатбекұлының айтуынша, қазір елімізде жалпы 6179 ауыл бар, онда 7,5 млн адам тұрады. Ұлттық экономика министрлігі тарапынан ауылдық аймақтарда өңірлерді дамыту тұжырымдамасы орындалып жатыр.

«Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасына 2019 жылдан бастап 701 млрд теңге бөлініп, 2,2 мың ауылда 6 мыңға жуық жоба іске асырылды. Биыл 500 ауылда 900-ден астам жобаны іске асыруға 176,4 млрд теңге жоспарланған. Қазіргі таңда ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын бір бағдарламаға біріктіру бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Даму әлеуеті бар ауылдардың тізімі 2023 жылы жасалған. Олардың негізгі бағыты экономикалық сипатқа ауысады. Бұған дейін басты бағыт – демография болатын», - дейді Жанатбекұлы.

Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, ауылдардың скринингін жасаған екен. Ал ауылды дамытуға арналған екі жобаны біріктіру мәселесіне тоқталған ол бұрын бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ретінде әр облыс ауыл шаруашылығы басқармасын бекітетін болған. Бағдарламалар біріккенде де бұл өзгеріссіз қалады дейді ол.  Бірақ жалпы координация экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында болады деген ол Әшімбетов бұл мәселені әлі талқылау керек деп тоқтатты.

«Мұны кім шешті? Ауыл шаруашылығы басқармаларының жұмысы әрине көп. Егер өзгертуге болатын болса, біз үкіметке ұсыныс енгізейік. Өйткені, мен өзім өңірден шыққан адаммын, ауыл шаруашылығы басқармасында да жұмыс істедім, жақсы білемін. Ауыл шаруашылығы басқармасында отыз адам болса, ана жақта елу адам отырады барлығы экономиканы қарастырады», - деді Нұржан Әшімбетов.

Жалпы, аграрлық мәселелер жөніндегі кеңестің кезекті отырысын қорытындылаған Әшімбетов айтылған мәселелердің әрқайсысы бойынша үкімет пен министрліктерге ұсыныс айтылатынын атап өтті.

«Өңірлерге қатысты айтар болсам, екі бағдарламаны біріктіруде нақты жобаларды көрсетіп, нақты керекті мәселелерді қарастырыңыздар. Егер дұрыс ұсыныс, дұрыс бағыт айтылса, әрбір бағдарламаны түзетуге болады», - деп қорытындылады Нұржан Әшімбетов. 

Серіктес жаңалықтары