Астанадан Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолы салынады
Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады дейді президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Астанадан Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба», - дейді президент Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда.
Бұдан бөлек, Тоқаевтың айтуынша, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн.
«Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді», - дейді мемлекет басшысы.