Бектенов экономиканы жекешелендіру жөнінде кеңес өткізді
Кеңесте Жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланды

Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов экономиканы ырықтандыру және жекешелендіру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, кеңесте жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру барысы қаралған.
«Осы жоспар аясында «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға тікелей сатудан бас тартуды және мүлікті тек аукциондар арқылы беруді көздейтін түзетулер әзірленді. Жер беру тетігінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін шөлді және шөлейт аймақтарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 100%-ы цифрланды», - деп жазған үкіметтің сайты.
Ал, қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта жалпы құны 918,3 млрд теңгені құрайтын 392 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысаны бәсекелестік ортаға берілді, 69 нысан қайта ұйымдастыруға/таратуға жіберілді. Сонымен қатар 21 нысан саудаға шығарылып, 155 нысан сатылымға дейінгі дайындықта.