$ 502.89  527.03  5.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Кезінде мемлекеттен ақшалай көмек алған 5 банк қарызын әлі қайтармаған

Мемлекеттік қолдаудың арқасында банктердің «нашар» кредиттері тарихи ең төменгі мәнге жеткен

Кезінде мемлекеттен ақшалай көмек алған 5 банк қарызын әлі қайтармаған
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев 2017-2020 жылдары мемлекеттен көмек алған ірі банктер ақшаны кері қайтаруға асықпайтынын мәлімдеп, «кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді» деп үндеу тастаған. Осыған байланысты Azattyq Rýhy Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен президент меңзеген банктердің қайсысы мемлекетке әлі қарыз екенін нақтылады.

Қаржы ұйымдарына мемлекеттік көмек көрсетуге отандық банктер тап болған жағымсыз факторлар себеп болған. Осылайша 2015 жылы Қазкоммерцбанкке 2037 жылға дейінгі мерзімге 250 млрд теңге бөлінген. Ал Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы аясында 2017-2020 жылдары алты ірі банкке 700 млрд теңге қаржылай көмек көрсетілген.

«Бағдарлама аясында банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен банктердің айналыс мерзімі 15 жылды құрайтын реттелген облигацияларын ұлттық валютада сатып алу жолымен мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бағдарламаны іске асыру үшін 2017-2020 жылдары Ұлттық банк 6 ірі банктің реттелген облигацияларын сатып алуға жалпы сомасы 700,5 млрд теңге қаражат бөлді», - дейді агенттік.

Дәлірек айтқанда:

  1. «Еуразиялық банк» АҚ – 150,0 млрд теңге;
  2. «АТФБанк» АҚ (2020 жылы Jusan Bank-ке қосылады)– 100,0 млрд теңге;
  3. «Цеснабанк» АҚ (қазіргі Jusan Bank) – 100,0 млрд теңге;
  4. «Банк ЦентрКредит» АҚ – 60,0 млрд теңге;
  5. «Банк «Bank RBK» АҚ – 243,7 млрд теңге;
  6. «Нұрбанк» АҚ – 46,8 млрд теңге алған.

Сонымен қатар 2020 жылдың соңында Jusan Bank пен АТФБанкті қосу мәмілесі аясында Jusan Bank  Самұрық-Қазына компаниясына 100 млрд теңгеге облигацияларын сатқан.

Агенттіктің ақпаратынша, соңғы екі жылда төрт банк 399 миллиард теңгеге жуық қаражатты мемлекетке қайтарған.

«2023-2024 жылдардан бері 4 банк жалпы сомасы 399,6 млрд теңге болатын мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын қайтарды. Соның ішінде «Қазақстан Халық банкі» АҚ мемлекет алдындағы 250 млрд теңге міндеттемелерін (Казкоммерцбанкті қалпына келтіру аясында) толық көлемде өтеді», - дейді меморган.

Айта кетері, 2018 жылы Казкоммерцбанк Halyk Bank-ке қосылып, «Qazkom» бренді қызметін тоқтатқан болатын.

Тағы 3 банк – Bank RBK, Jusan Bank және Банк ЦентрКредит мемлекеттің ақшасын мерзімінен бұрын ішінара қайтарған:

  • «Jusan Bank» АҚ Самұрық-Қазынадан 100 млрд теңге реттелген облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алды;
  • «Bank RBK» АҚ – 29,6 млрд теңгесін,
  • «Банк ЦентрКредит» АҚ – 20,0 млрд теңгесін өтеген.

«Қазіргі уақытта бес банктің («Банк ЦентрКредит» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Jusan Bank» АҚ және «Nurbank» АҚ) балансында қаржылық орнықтылықты және қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін берілген мемлекеттік қаражаты бар. Бұл ретте бағдарлама шартында банктердің жай акциялары бойынша дивиденд төлеуге тыйым салынған», - деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Мемлекеттік көмек қандай нәтиже берді?

Біз агенттіктен мемлекеттік қолдаудың банктерге пайдасы тиді ме деп сұрадық.

Олардың айтуынша, 2017 жылдан бастап банктердің балансын стрестік активтерден тазарту және олардың қаржылық орнықтылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілген. Банктерге мемлекеттік қолдау Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес көрсетілген.

«Мемлекеттік қолдаудың міндеттері: стрестік активтерді экономикалық айналымға тарту, банк депозиторларының қаражатын қорғау, банктердің орнықтылығын қамтамасыз ету және жүйелік дағдарысты болдырмау. Сондықтан қаржылық жағдайын ескере отырып, банктер мемлекеттің қолдау қаражатын кезең-кезеңімен қайтаратын болады. Ірі банктерді қалпына келтіру жөніндегі шаралар олардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге және экономикаға берілетін жаңа кредит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді», - дейді агенттік.

Мәселен, бағдарламаға қатысқан банктердің акционерлері 2017 жылдан – 2024 жылғы 1 қазанға дейінгі аралықта 402 млрд теңге ақша салу арқылы және 1 432 млрд теңге банктердің иелігіндегі таза пайданы сақтау арқылы банктерді үстеме капиталдандырған. Жалпы сомасы 971 млрд теңгеге қосымша провизиялар қалыптастырылды, жалпы сомасы 1,8 трлн теңге болатын проблемалық қарыздар есептен шығарылды.

Бағдарлама басталғаннан бері экономикаға 13,3 трлн теңге жаңа кредит берілген, оның ішінде заңды тұлғаларға – 6,9 трлн теңге, жеке тұлғаларға – 6,4 трлн теңге.

«Банк портфелін «нашар» кредиттерден тазарту шараларын іске асыру нәтижесінде 90 күннен астам төленбеген, жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейі 2017 жылғы 12,3%-дан 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 3,05%-ға дейін төмендеді, бұл тарихи ең төменгі мән болып отыр», - дейді агенттік.

Серіктес жаңалықтары