$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.05.2020, 13:58
Экономика

Мұнай өткізе алмай жүрген компаниялар жоқ – Нұрлан Ноғаев

Қазақстанда мұнай-сервис компанияларында қызмет ететін 3,5 мың адам жұмыссыз қалды

Мұнай өткізе алмай жүрген компаниялар жоқ – Нұрлан Ноғаев
Фото: ortcom.kz

Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінен кейін онлайн-брифинг өткізген Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты. Министрдің мәліметінше, ірі шетелдік компанияларға қызмет көрсететін мердігер мекемелер әлемдік мұнай бағасының құлдырауы салдарынан жұмысшалырын қысқартуы мүмкін.

«Біздің ақпарымыз бойынша, қазіргі таңда мұнай-сервис компанияларында қызмет ететін 3,5 мың адам жұмыстан босап отыр. Мекеме басшылары алдағы уақытта жұмыс орындарының болмауынан олар жұмыссыз қалуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Қазір «Болашақ кеңейту жобасындағы» жұмысшылар маусым айының соңына дейін дейін демалысқа жіберілді. Оларға жалақы да сол уақытқа дейін төленеді. Еліміздегі мұнай компаниялары басшыларына қызметкерлерін жұмыстан қысқартпай, мәселені шешу керектігін тағы да еске саламын», - деді Энергетика министрі.

Брифинг барысында министрге қара алтынға сұраныстың төмендеуінен қазақстандық компаниялардың мұнайды шетелге экспорттай алмай отырғаны жайлы сауал қойылды.

«Қазіргі таңда мұнай-газ саласында өнімін өткізе алмай жүрген компаниялар жоқ. Барлығы мүмкіндігінше «Атырау-Самара» мұнай құбыры арқылы және теміржол арқылы өткізіп жатыр. Ішкі нарықтағы мұнай өңдеу зауыттарында жұмыс жүріп жатыр. Бұл бағытта Үкімет қабылдаған шешімге сәйкес, кедендік баж салығын алып тастау жөнінде тағы да басқа жеңілдіктер жасап, қолдау көрсету бойынша шараларды қабылдадық», - деді министр.

Қазақстан мамыр, маусым айларында мұнай өндіру көлемін күніне 390 баррельге дейін қысқартты. Бүгінде орташа тәуліктік мұнай өндіру (конденсатсыз) көлемі 177,8 мың тоннаны құрайды. Бұл ОПЕК+ мәмілесіндегі міндеттердің орындалғанын көрсетеді.

«Егер біз мұнай өндіруді қысқартпасақ, 2020 жылдың екінші тоқсанында мұнай сақтау орындарының толып кетуіне, кейбір кен орындарында мұнай өндірудің тоқтап қалуы мүмкін еді. ОПЕК+ мәмілесі бойынша нарықтың барлық қатысушылары мұнай өндірудің бақылануына және біртіндеп төмендетуге келісті. Біз кейбір кен орындарында мұнай өндіруді толық тоқтатпай, азайтуды қарастырдық», - деді Энергетика министрі.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары