«Миллиардтаған шығын»: Депутат Үкіметтен «Даму» қорын қайта құруды сұрады
Шағын және орта бизнесті қолдау жүйесі жұмыс істемейді
Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Аманжан Жамалов пандемия кезінде кәсіпкерлерді қаржылай қолдауы тиіс «Даму» қорының жұмысын сынады.
«Даму» Қорының негізгі қызметі бюджет есебінен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау болып табылады. 2020 жылдың 4 айында «Даму» қоры арқылы барлығы 703 жоба қаржыландырылды. Ал, 2010 жылдан бастап 15,8 мың жобаға 264 млрд теңге жұмсалды. Осы жобалар экономикалық және әлеуметтік пайда әкелді ме? Бұл сұраққа бірнеше жылдан бері жауап жоқ», - деді депутат.
Мәжілісмен «Даму» қоры бюджет пен банк арасындағы делдал екенін айтты. Яғни банктер қаржы бөлетін жобаларды іріктеп, кейін кредит береді. Ал «Даму» қоры бюджеттен ақша алып, банкке субсидиялайды. Ал, осы қызметі үшін жыл сайын қазынадан 770 млн теңге төлем алады.
«Қор қарапайым қызметтерді жөнді атқара алмай отыр. Өз міндеттерін орындай алмай отырғаны аздай, «Даму» қоры шығынға ұшырайды. Мәселен, 2018 жылы қордың шығыны 11,9 млрд теңгені құрады. Ең азы 10 жылдың ішінде субсидиялау процесін автоматтандыра алмады. «Даму» қорында 371 штаттық қызметкер, 20 құрылымдық бөлімше мен 18 филиал бар. Мұның бәрі не үшін қажет? 2018 жылы қордың әкімшілік шығындары 4,3 млрд. теңгеге жетті. Соның ішінде қызметкерлерге арналған шығыстар 2,7 млрд теңге. Ал, енді 300-ге жуық қызметкері бола тұра қор 2018 жылы заңды және кеңес беру қызметтеріне 49 млн теңге жұмсаған», - деді А. Жамалов.
Депутат қор жұмысын реформалауды ұсынды.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан