Жалағаш ауылында жымқырылған қаражат есебінен спорт кешені салынады
Жалағаш ауылына қарасты елді мекендерде бес мыңға жуық адам тұрады
Үкімет Алматы облысы Кеген ауданының Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға 1,1 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бұл қаражат заңсыз иемденген активтер есебінен бөлінген.
«Жалағаш ауылдық окгругі Кеген ауданындағы екінші үлкен округ. Оның құрамына Тоғызбұлақ, Жайдақбұлақ, Жалағаш ауылдары кіреді. Жалпы, мұнда 4822 адам тұрып жатыр. Ауылымызда қазір спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін 1,5 га жер бөлінді. Спорт кешені біздің ауылдың дамуына қосылған үлкен үлес деп білеміз», — дейді Жалағаш ауылдық округінің әкімі Айгүл Садырова.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, спорт кешені жалпы дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу сабақтарына және жарыстар өткізуге арналған. Жобада бокс, күрес және басқа да спорт түрімен айналысуға арналған бірнеше зал қарастырылған.