Қазақстан-Қытай түйіспелері арқылы рекордты деңгейдегі жүк тасымалданған
Бұл туралы президентке Нұрлан Сауранбаев айтып берді
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, қабылдау кезінде Нұрлан Сауранбаев ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берген.
«Эксплуатациялық жүк айналымы 272 миллиард тонна-шақырымды құраған. Қазақстан-Қытай түйіспелері арқылы 32 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш, әрі 2023 жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға артық; – Контейнерлік транзит 8,8 пайызға өсті. Тасымалданған контейнерлер саны 1,4 миллион жиырма пұттық эквивалентті құрады», - деп хабарлады Сауранбаев.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев транзит әлеуетін дамыту жөнінде тапсырма берген болатын.
«2800 шақырымнан астам темір жөнделді. Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал бағыттарында және Алматы торабының айналма жолында 1000 шақырымнан астам жаңа желі салынып жатыр. Достық – Мойынты учаскесі және Жетіген – Қазыбек-бек айналма желісінің екінші жолдарын салу жұмыстары кестедегі мерзімінен бұрын, яғни биыл аяқталады», - деп сендірді президентті Сауранбаев.
Сондай-ақ Қазақстанда терминал желісінің кеңейіп жатқаны туралы айтқан.
«Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстан-Қытай терминалы іске қосылды. Бұл Транскаспий бағыты арқылы Қытайдан келетін тасымалдың ұлғаюына ықпал етті. Алматы қаласында, Әзербайжанның Алят теңіз портында, Мажарстан астанасы Будапешт қаласында, Мәскеу маңындағы Селятино кентінде Шығыс – Батыс бағыты бойынша терминалдардың құрылысы басталды. Қытайлық серіктес Ляньюньган портымен бірлесіп, Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары қолға алынды», - деген Сауранбаев.
Ақорда хабарлағандай, Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттардағы жұмысты жандандырудың маңызын атап өткен. Мемлекет басшысының айтуынша, алға қойған міндеттерді жоспарлы іске асыру Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.