Доллардың қымбаттауына байланысты баспана бағасы көтеріле ме
Тұрғын үй нарығында өзгеріс болуы мүмкін дейді Байбазаров
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров доллар бағамының күрт өсуіне байланысты баспана қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Байбазаров еліміз цемент, арматура сияқты құрылыс материалдарымен өз-өзін қамтамасыз ететінін атап өтті. Бірақ ішкі әрлеу бойынша проблема бар.
«Қазір тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыс саласын дамыту, дәлірек айтқанда Қазақстанда әрлеу материалдарын өндіру бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырдық. Менің ойымша, біз импортқа тәуелділікті жойып, өз өнімдерімізді экспортқа шығаратындай дәрежеге жету үшін белгілі бір ақша құямыз. Сол себепті импортталатын құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты тұрғын үй нарығында баға өзгеретін шығар. Біз мұны жоққа шығармаймыз», - деді министр Үкіметте өткен брифингте.
Десе де вице-премьер әлеуметтік тұрғын үй мәселесі үкіметтің бақылауында екенін айтты.
«Ал бизнес, люкс сияқты әртүрлі санаттағы нарықтағы үйлердің бағасын нарық өзі анықтайды. Егер осындай бағаға сұраныс болса, құрылыс компаниясы да сол бағамен сатады. Ал егер болмаса, осы жылдар ішінде құрылыс компаниялары маркетингті жақсы меңгеріп алды, пәтер сату қолдарынан келеді, әртүрлі схемаларды ұсына алады. Ал біз әлеуметтік баспананың құрылысын әрі қарай ұлғайтамыз», - деді Байбазаров.