$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.05.2020, 09:51
Экономика

Жеке кәсіпкерлер 6 пайыздық несие алады – Экономика министрі

Өндірістік мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін несие беріледі

Жеке кәсіпкерлер 6 пайыздық несие алады – Экономика министрі
Фото: ашық дереккөзден

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына «Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» бойынша жаңа бағыт енгізілмек. Сөйтіп, шағын және микробизнес өкілдеріне жеңілтелген кредит беріледі. Бұл жайында Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

«Субсидиялау есебінен қаржыландыру қолжетімді болады. Мөлшерлеме 6 проценттен аспайды. Несиелер айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін және өндірістік мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін берілетін болады. Бұл микробизнес өкілдерінің үлкен тобын қамтуға мүмкіндік береді. Және микробизнес үшін жаңа формат бойынша оқыту енгізіледі, бұл да қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетеді», - деді министр.

Банктер мен микроқаржы ұйымдарының несиелері бойынша төлемдердің мерзімін ұзартатын салалардың тізбесі кеңейтілді.

«Арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік және салық есептерін жүргізу жеңілдетілетін болады. Жеке кәсіпкерлердің жалдамалы қызметкерлері мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жүктемені төмендету және міндетті төлемдерді төлеуді оңайлату мәселесі пысықталуда. Салық органдарына салық есептілігін алдын ала декларациялау міндеті жүктелетін болады, бұл бизнеске әкімшілік ауыртпалықты азайтады», - деді Р.Дәленов.  

Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін пилоттық режимде «егістіктен сөреге дейін» қаржыландыру тетігі енгізілмек. Бұл аграрлық өнімді тұрақты сатып алу және өткізу жүйесі.

Құрылыс саласын қолдау үшін  «Жұмыспен қамту жол картасы» объектілерін салғанда материалдар тек отандық өндірушілерден алынады.

Логистика саласында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар автобустары қосылған құн салығынан босатылады. 

Абай Сейфулла,Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары