Қазақстанда филиалын ашқысы келетін шетелдік банктер үшін талаптар жеңілдейді
Заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр
Қазақстанның банк секторында бәсекелестікті арттыру үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шетелдік банктерге қойылатын талаптарды жеңілдетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Парламент Мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Президент Қазақстанға үш сенімді шетелдік банкті тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру туралы міндет қойғанын еске салды.
«Қазіргі уақытта еншілес ұйымды немесе филиалды ашу үшін рұқсат беру процесі екі кезеңнен тұрады: біріншісі – рұқсат беру, екіншісі – лицензия алу. Шетелдік инвесторларға арналған талаптарды ырықтандыру мақсатында шетелдік банкті ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады. Жалпы құжаттардың саны 24 құжаттан банктің рейтингіне қарай 17 құжатқа немесе 8 құжатқа дейін қысқартылады», - деді Әбілқасымова Мәжіліс отырысында.
Сондай-ақ, заң жобасында елімізде филиалын ашатын шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетіледі.
Бұдан басқа, шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карталарын шығару сияқты операциялармен толықтырылады.
«Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. Көбінесе бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады және оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылады», - деп түсіндірді агенттік төрағасы.
Бұған қоса, басшы қызметкерлер үшін рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру аясында банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшылық өтілдің болуы жөніндегі талап алынып тасталады, сондай-ақ басшы лауазымдарға кандидаттар үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеру ұсынылады.