Үкімет Ұлттық қордан трансферт алуды қашан тоқтатады – министр жауабы
Қазір мемлекеттік бюджеттің кірісі мен шығысы арасында әжептәуір алшақтық бар

Болашақта Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер қысқарады, бірақ кепілдендірілген трансферттер ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қажет. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, мемлекеттің бюджеті әлеуметке бағдарланған.
«Бюджеттің 60% жуығы денсаулық сақтау, зейнетақы, әлеуметтік төлемдерді қоса алғанда, әлеуметтік қолдауға жұмсалады. Бүгінде даму бюджеті 2,3 трлн теңгені құрайды. Үкіметтің міндеті – өз қажеттілігін өтейтіндей даму бюджетін ұлғайту», - деп түсіндірді Тәкиев Үкіметте өткен брифингте.
Ол бюджеттің шығыстарын кірістермен теңестіру қажет екеніне назар аударды.
«Кірістер шығыстар сияқты тез өспейді. Соңғы үш жылда шығыстар 9 трлн теңгені құраған, себебі әр жыл сайын зейнетақы, шәкіртақы индексацияланады. Мәселен, келесі жылы 200 мың зейнеткер қосылады, бұған қоса біз жылдық инфляцияға 8,5% индексация жасадық. Сол кезде болжаммен тағы 1,3 трлн теңге шығыстар қосылады. Ал осы үш жылдың ішінде кірістер небәрі 5,3 трлн теңгеге артқан. Яғни алшақтық сақталып отыр. Оны азайту үшін біз Ұлттық қордың қаражатын пайдаланамыз», - дейді ведомство басшысы.
Осы орайда Қаржы министрі Үкімет бюджеттің кіріс бөлігін қалай ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Жаңа Салық кодексінің жобасында жеңілдіктер қарастырылған, салық салу жүйесін қайта қарадық. Нәтижесінде 1,8 трлн теңге пайда көреміз деген болжам бар», - дейді Тәкиев.
Министр 2026 жылдан бастап Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер азаятынын атап өтті. Алайда Ұлттық қордан ақша алу мұнымен тоқтап қалмайды.
«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт тоқтамайды, бірақ нысаналы трансферттер азаяды. Бұл қаражат елде жүзеге асырылатын ірі жобалар үшін қажет», - деп түйіндеді сөзін ол.