Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару: арнайы шотқа 177 млрд теңге түскен
Бұл ақша инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады
Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару жұмысынан 176,9 млрд теңге ақша түскен. Бұдан бөлек, мүлік түрінде қайтарылған активтер бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев заңсыз активтер үшін министрлікте арнайы шот ашылғанын еске салды.
«Қазір осы шотқа 176,9 млрд теңге жиналды. Ол ақша, ең алдымен инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады. Біз қазір оның тізімін шығарып жатырмыз. Мысалы, өңірлерде ауыз су, энергия тапшылығы проблемалары бар. Біз жоба жасап, қаржы бағыттаймыз. Осының бәрін Үкіметте ақылдасқаннан кейін, ақша қайда және не үшін жіберілгенін ашық көрсетеміз», - деді ол Үкіметте өткен брифингте.
Сондай-ақ, оның айтуынша, 177 млрд теңгеден бөлек, мемлекетке мүлік түрінде қайтарылған активтер бар.
«Мүлік бұл қорға түспейді. Оған бөлек компаниямыз бар. Олар оны пайдаланады немесе сатады», - деді министр.