$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.05.2020, 09:24
Экономика

Еңбек нарығы: бос жұмыс орны көп, жұмыс іздеушілер саны аз

Электрондық еңбек биржасында 125 мыңнан астам бос жұмыс орны және 75 мыңнан астам түйіндеме орналастырылған

Еңбек нарығы: бос жұмыс орны көп, жұмыс іздеушілер саны аз
drive2.ru

Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) enbek.kz мамыр айының басында Қазақстан бойынша жұмыс берушілерден 125,4 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Ал, жұмыс іздеушілердің түйіндемесі екі есе аз, яғни 75,7 мыңды құрайды.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының айтуынша, бос жұмыс орындары мен түйіндемелер санының күрт төмендеуі наурыз айында тіркелген. Мәселен, бос орындар саны 2019 жылдың соңында 68,9 мыңнан 2020 жылдың наурыз айында 34,2 мыңға дейін азайған. Түйіндеме саны ағымдағы жылдың ақпан айында 29 мың болса, наурыз айында 20,1 мыңға дейін төмендеген.

«Бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің күрт төмендеуі елде енгізілген төтенше жағдай режимімен тікелей байланысты. Алайда, карантиндік шектеулер алынып, нарыққа жан бітіп, кәсіпорындар жұмысын қайта бастады және олар кадрларға мұқтаж», - деп түсіндірді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Балжан Шаменова.

Түйіндемелер саны бойынша жұмыс іздеушілердің алғашқы үштігі: автокөлік жүргізушілері – 2,6 мың, медицина (медбике) қызметкерлері – 2,3 мың және заңгерлер – 2,2 мың. Ал, жұмыс берушілер үшін қажет мамандардың үштігіне – патрульдеу инспекторы, күзетші және медициналық қызметкерлер енді. Ең аз сұранысқа ие мамандықтар – заңгер, іс жүргізуші және дене шынықтыру мұғалімі.

Жалпы, жұмыс берушілер тарапынан кәсіби мамандарға – 36,6 мың, қызмет көрсету және сату саласының қызметкеріне – 21,2 мың, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас сала жұмысшылары 19,5 мың бос жұмыс орны бар.

Өңірлер бойынша 2020 жылдың І-ші тоқсанының қорытындысы бойынша ең көп бос жұмыс орындары Қостанай облысында – 17,7 мың. Екінші орында Нұр-сұлтан – 15,8 мың, үшінші Қарағанды облысы – 10,9 мың. Төртінші орында Алматы – 10,6 мың бос жұмыс орнын ұсынған.

Ең аз бос орындар саны Маңғыстау облысында – 3,1 мың, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында – әрқайсында 3,6 мыңнан.

Бірқатар облыста жұмыс іздеушілер саны ұсынылған бос жұмыс орындарынан артық. Мысалы, Түркістан облысында жұмыс іздеушілердің саны – 8,9 мың, Маңғыстау облысында – 6,9 мың, Қызылорда облысында – 6,5 мың түйіндеме орналастырылды. Бұл өңірлерде жұмысқа сұраныс ұсыныстан асып түседі. Маңғыстау облысында 100 бос орынға 219 резюме, Қызылорда облысында – 182 резюме, Түркістан қаласында – 112 резюме, Алматы облысында – 105 резюме. Ал, кейбір облыстарда керісінше бос жұмыс орындары жетерлік, бірақ жұмыс іздеушілердің саны аз. Мәселен, Қостанай облысында 100 бос орынға 16 резюме, Нұр-Сұлтанда – 26 резюме, Алматы – 27 резюме.

Айта кетейік, Жұмыспен қамтудың жол картасы және түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында биылғы жылы жұмыспен шамамен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарлануда. Жол картасы аясында 2020 жылы 1265 жобаны іске асыру басталды, онда 17 мың жұмыс орны құрылды, 10,3 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Серіктес жаңалықтары