Ерболат Сатыбалдин сапасыз ұшақпен қызмет көрсететін әуе компанияларын жазалауды ұсынды

Azattyq Rýhy

Ерболат Сатыбалдин солай бола тұра, ұшақтың бағасы күн санап аспандап барады дейді

Ерболат Сатыбалдин сапасыз ұшақпен қызмет көрсететін әуе компанияларын жазалауды ұсынды
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту қажет. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин көлік министрі Марат Қарабаевқа жолдаған депутаттық сауалында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат әлемде тоғызыншы орын алатын мемлекетіміз үшін әуе жолының маңызды екеніне тоқталып, алайда ұшақтың бағасы күн санап аспандап бара жатқанына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, Астана – Ақтау бағытында билет құны 60 мыңнан түспесе, жаңадан құрылған облыстар бағытындағы Астана-Семей 21-60 мың, Астана-Жезқазған 21-60 мың, Астана-Талдықорған бағытында орташа бағамы 40 мың теңге.

«Билет құнын әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80 пайызына жуығын құраса, қалған 20 бөлігі әуежай компаниясының табысы. Ал енді ұшу уақыты таянғанда Қазақ эйр компаниясының 21 000 теңге маңайында сатылатын билеттерді 60 мыңға дейін шарықтатып жіберетіні қалай? Жанармай мен әуежай қызметі бағасы өзгермесе, өзінің табысын билеттің құнынан үш есе өсіріп, қысылтаяңды пайдаланып ашкөздікпен пайда тапқаны ма? Бағаның бұлай динамикалық өсуі нарықтың сұранысымен түсіндірері хақ, алайда халықты кім ойлайды? Оқыстан өлім-жітімге, шұғыл шаруасы шыққан жандардың үстінен пұл айырып, қалтасын қағу, адамгершілікке сай ма?! Бұл баға жүйесі халықты қанауға ғана бағытталған», - дейді депутат сауалында.

Мәжілісменнің айтуынша, «Лоукостердің» де нарқы шарықтап тұр. Лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу көрші елдердің бағасынан екі есе қымбат. «Оның үстіне ұшаққа билет бола тұра салонындағы орынды бөлек сатып алуға мәжбүрміз. Жалпы елімізде әуе қатынасы халық үшін қолжетімсіз», - дейді Ерболат Сатыбалдин.

Ол 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында шағын авиация әлеуетін Өнеркәсіпті дамыту қоры есебінен көтеру туралы айтылғанын жеткізді.

«Баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін азаматтық авиация саласындағы құзырлы органның бағаларды реттеуді мемлекеттік бақылауын үнемі жүзеге асыруын, бағаны ретсіз белгілейтін және сапасыз ұшақтармен қызмет көрсететін әуе компанияларына тиісті жазалар қолдануын; ұшаққа билеті бар адамдардың үстінен орынсыз алымдарды алуды тоқтатуын; «Ашық аспан» мүкіндіктерін пайдалана отырып, жаңа құрылған Ұлытау, Абай, Жетісу облыстары бағытына лоукостерлік және басқа авиакомпанияларды тартуын талап етеміз», - деп мәлімдеді депутат.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.