$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жеңіс Қасымбек небары екі жыл бұрын 1,5 млрд теңге жұмсалған Сарайшық көпірін 2 ай бойы тағы жөндеп жатыр

Биылдың өзінде көпірді жөндеуге 370 млн теңге кеткен

Жеңіс Қасымбек небары екі жыл бұрын 1,5 млрд теңге жұмсалған Сарайшық көпірін 2 ай бойы тағы жөндеп жатыр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Әдетте, Астанада жазда жаңбыр, қыста қар жауса, болмаса, боран соғып, дала көрінбесе ұзын-сонар кептеліс орнайды. Елорданың бірнеше әкімі тұрғындардың етін бұған үйретіп кеткен. Бірақ, биыл әкімдіктің жаппай жол жөндеп, ірі дәліздерді бір емес, бірнеше айға ішінара жауып тастағаны абсурдқа айналды, деп жазады Azattyq Rýhy

7 МАУСЫМ КҮНІ КӨПІРДЕ СУРЕТКЕ ТҮСКЕН КІМДЕР

2024 жылдың 7 маусымы күні таңғы сағат 08:45-те Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Рахымжан Қошқарбаев даңғылы жағынан Сарайшық көпірі арқылы жұмысына ассыққан адамдар кері айналуға мәжбүр болды.

Өйткені, көпірдің маңына бірнеше көліктің тоқтағаны мұң екен, полиция қызметкерлері сол жағалауға қарай баратын жолды түгел жауып тастай салды. Астана әкімдігі алдын ала жоспар, алдын ала ескерту жайлы ойламаса керек, халық тағы 1-1,5 сағат уақытын жоғалтып, қаланың екінші кептеліске толы жолдарымен жұмыстарына әрең жетті.

Бірақ, әлгі келіп тоқтаған көліктен костюм-шалбар киген 5-6 адам түсіп, көпірге қарай бет алды. Олар бір-бірін суретке түсіріп, көпірдің қалай жөнделіп жатқанын тексерген күй танытты. Azattyq Rýhy  тілшісі дәл сол сәтте көлігінен түсіп, жолдың жабылуына қатысы бар болуы мүмкін адамдардан комментарий сұрады. «Біздің көпірге қатысымыз» жоқ деп күлген олар суретке түсіп болған соң «Құмыра» деп аталып кеткен мейрамханаға қарай бет алды.

Бұл мәселенің анық-қанығына жетпек мақсатта сол күні, сол сағатта «Сергек» камералары түсірген видеоны алып, материалымызға қосу үшін біз Астана қаласының әкімдігіне де, полиция департаментіне де ресми сауал жолдадық. Бірақ, екі орган да видео ұсына алған жоқ.

Мәселен, Астана әкімдігі «биыл 7 маусымда көлік айрығында жөндеу жұмыстарын жүргізуіне байланысты Астана қаласының әкімшілік полиция басқармасы жолдағы кептелісті болдырмау үшін Б.Момышұлы даңғылының тарапынан Сарайшық көшесі бойынша жол қозғалысы уақытша жарты сағатқа жабылды» деп жауап жолдаса, полиция департаменті видеоны не сотқа, не тергеушіге, не прокуратура ғана бере аламыз деді.

Дегенмен, біздің қолымыздағы видеода өзін байқаған адамдар болса, редакцияға хабарласып, әкімдік жөндеп жатқан көпірде не үшін суретке түскендерін түсіндірер деген ойдамыз.

СҰРАМАСАҢ – «ЖАЛАҢАШ» ЖАУАП, СҰРАСАҢ – ТОЛЫҚ ЖАУАП

Атап өткеніміздей, Сарайшық көпірі осыдан екі жыл бұрын ғана жөнделген. Бұл туралы ақпарат мол. Соған қарамастан, биыл көпірді ішінара жауып, қайта жөндеудің қажеті қанша болды деген сұрақтың жауабын білу үшін біз Астана әкімдігіне 12 сұрағымызды жазып, сауал тастадық. Соның ішінде, 2022 жылы көпірді жөндеуге қанша қаражат кеткені, биыл көпір дәл қай күннен бастап ішінара жабылып жатқаны, оны неге сонша ұзақ жөндеп жатқандығы туралы сұрақтар қойдық.

Әуел баста сауалымызға жауап берген «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» кейбір сұрақтарды «елемей» өте шыққан күй танытты.

Дегенмен, редакция толыққанды жауап алу мақсатында әкімдікке, орындаушыға бірнеше рет хабарласты. Содан кейін ғана құзырлы орган барынша мол ақпарат бар жауабын жолдаған. Соның өзінде де әлгі көпірді «тексеруге» барған адамдардың кім екеніне қатысты жауап беруден бас тартқан.

Материал соңында біздің сұрақтарымыз бен әкімдіктің жауабын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Ресми сауалдың жауабына «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» басшысының орынбасары Е.Диханбаев жауап берген.

AR: Сарайшық көшесіндегі Арқар көпірі нешінші жылы салынған?

Диханбаев: «Арқар» көпірі 2006 жылы салынған.

AR: Көпір салынғаннан бері неше рет жөнделген?

Диханбаев: «Арқар» көпірі салынғаннан кейін 2 рет жөндеу жұмыстары жүргізді.

AR: 2022 жылғы жөндеу жұмыстарын кім орындаған? Қандай мердігер?

Диханбаев: Жұмыстарды «Сотис-Групп» ЖШС мердігерлік ұйымы 2022 жылы жүргізді.

AR: Сол жылы көпірді жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу өтті ме?

Диханбаев: 2022 жылы Астана қаласының көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша  «Сотис-Групп» ЖШС мердігерлік мекемесі анықтанды.

AR: Мемлекеттік сатып алу өтсе, мердігер неше теңге ұтты?

Диханбаев: 2022 жылы «Арқар» көпірін орташа жөндеуге 1,5 млрд теңге бөлініп, оның қаражат есебінен асфальтбетон жабынының екі қабатын ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

AR: Сатып алу өтпесе, көпірді жөндеген мердігер қалай анықталған?

Диханбаев: Мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша «Сотис-Групп» ЖШС анықталды.  

AR: 2022 жылы көпірді жөндеуден кейін кім қабылдап алған? Нақты лауазымын, аты-жөнін көрсетсеңіз?

Диханбаев: Жөндеу жұмыстарының аясында қолданылып жатқан материалдарың және атқарылған жұмыстардың сапасы мен олардың көлемін «Нұрәлем-Құрылыс» ЖШС инженерлік қызметының бақылауында болған. Тапсырыс беруші «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ болып табылады.

AR: Енді, арада екі жыл өткенде Арқар көпірінің қай жері бүлініп, жөндеу керек болды?

Диханбаев: 2022 жылы Р. Қошқарбаев даңғылынан Мәңгілік Ел даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысындағы көлік айрығына дейінгі «Арқар» көпіріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның шеңберінде асфальтбетон жабындыны ауыстырылған. Биылға келетін болсақ, деформациялық тігістерді орнату және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар 2022 жылы жүргізілмеген.

AR: 2024 жылы сәуір айынан бастап көпір ішінара жабылған нақты датаны атасаңыз?

Диханбаев: Биыл 14 сәуірінен бастап деформациялық тігістерді орнату және жөндеу жұмыстары жүргізілді.

AR: Бұл жылы көпірді жөндеу үшін қанша қаражат бөлінді?

Диханбаев: Ағымдағы жылы Арқар көпірінің деформациялық тігістерінің жөндеу жұмыстарына 370 млн теңге жұмсалды.

AR: Неге бір көпірді үш айдан бері жөндеп, аяқтай алмай жатырсыз?

Диханбаев: Биыл 14 сәуірінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Арқар» көпірі бойынша деформациялық тігістерді ауыстыру және жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жағдайда қозғалыс ішінара жабылды. Жол жұмыстары халықтың жүріп-тұру ыңғайлылығын ескере отырып кезең-кезеңімен жүргізілді.

Жөндеу кезінде көпірдегі деформациялық тігіс технологиясы келесі қадамдарды қамтиды:

Біріншіден, көпірдің бетін дайындау: Алдымен деформациялық тігіс орнатылатын көпірдің бетін дайындау керек. Бұл ескі материалды тазалауды, бетті өңдеуді және басқа дайындық жұмыстарын қамтуы мүмкін.

Екіншіден, деформациялық тігісті орнату: Содан кейін көпірге деформациялық тігіс орнатылады. Бұл процесс тігіс түріне және қолданылатын материалдарға байланысты өзгеруі мүмкін. Ол дәнекерлеуді, болтты бекітуді немесе басқа бекіту әдістерін қамтуы мүмкін.

Үшіншіден, жұмыстарды аяқтау: Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін тігіс өндірушінің ұсыныстары мен нормативтік талаптарға сәйкес қорғалады және қызмет көрсетіледі.

Тігісті ауыстыруға кететін уақыт көпірдің өлшемі, қолданылатын тігістің түрі, кедергілердің болуы, ауа-райы жағдайлары және т. б. сияқты әртүрлі факторларға байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Бұл әдетте бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін созылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары