$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Депутат Қазақстанның кеденшілері туралы: шетелдік әріптестері оларды шындап қабылдамайды

Оның пікірінше, елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін қорғау үшін кеденшілерге құқық қорғау органдарының функциясын беру қажет

Депутат Қазақстанның кеденшілері туралы: шетелдік әріптестері оларды шындап қабылдамайды
Фото: gov.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Руслан Қожасбаев премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанның кеден қызметіне сотқа дейінгі тергеу функцияларын беруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, дамыған елдерде кеден қызметі құқық қорғау органдарына теңестірілген. Бұған қоса ЕАЭО Кеден кодексінің 354-бабына сәйкес ЕАЭО-ға мүше елдердің кеден органдары қылмыстар немесе қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы істер бойынша анықтау және тергеу органы саналады, жедел іздестіру амалдарын жүзеге асырады, әкімшілік құқықбұзушылық істері туралы әкімшілік процесс жүргізеді және әкімшілік жауапкершілікке тартады.

«Яғни Қазақстаннан басқа, экономикалық одаққа мүше барлық елдің кеден органдары құқық қорғау органдарының статусына ие. Бұл деген нонсенс. Қазақстан кедені тек қазыналық орган болғандықтан, сыртқы қауіп-қатерлерді тежеу, контрабандамен күрес және кеден ісі саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша міндеттерді толыққанды жүзеге асыра алмайды. Оның үстіне құқық қорғау органының өкілеттігі болмағандықтан, шетелдің кеден органдары қазақстандық кеденмен өзара іс-қимыл жасаудан бас тартып жатады. Қазақстандық кеденшілерді шетелдік әріптестері шындап қабылдамайды. Мұның бәріне біз Қорғас шекара бекетінде куә болдық», - деді Қожасбаев.

Мәжілісменнің айтуынша, геосаяси шиеленіс пен санкциялық соғыс күшейген заманда тыйым салынған тауарларды, екі мақсаттағы тауарлар мен Қазақстан аумағы арқылы әкелінетін, экспорттық бақылауға жататын тауарларды кеденддік әкімшілендіру мәселесі қатты алаңдатады.

«Елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін қорғау бойынша қойылған міндеттерді толық көлемде орындау кеденге құқық қорғау фнкцияларын бергенде ғана мүмкін болады», - деді Қожасбаев.

Осыған байланысты депутат Қазақстанның кеден қызметіне экономикалық контрабанда, есірткі және басқа да тыйым салынған заттар контрабандасымен байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеу функцияларын беру қажет деп санайды.

Сондай-ақ ол Ресей Федералды кеден қызметі, Армения, Қырғызстан және Беларусь кеден органдары сияқты Қазақстанның кеден бөлімшелеріне екі мақсаттағы тауарлар қозғалысын, тыйымдар мен шектеулердің сақталуын бақылау, ЕАЭО-ның ішкі және сыртқы шекарасында ішкі нарықты қорғау шараларын қамтамасыз ету бойынша функцияларды беруді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары