Әйелім несие алмайды, өзімде кредит  бар – Ұлттық банк төрағасы

Azattyq Rýhy

Тимур Сүлейменов Қазақстанда халық кредиттің астында қалып отырған жоқ деп санайды

Әйелім несие алмайды, өзімде кредит  бар – Ұлттық банк төрағасы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Бүгін журналистерге брифинг берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан халқының несиесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, кез келген адам табысына қарай әрекет етуі керек. Яғни, Сүлейменов атап өткендей, табысы тұрақты әрі табысы көп  адам үшін несие керек дүние. Бірақ, «жылдық табысы небары 5 млн теңге болатын адам 10 млн теңге несие алмауы керек» деп санайды ол. 

«Менің ойымша, Қазақстанда халық несиенің астында отырған жоқ. Бірақ, адамдардың кейбір бөлігінің несиесі көп екеніне назар аудару керек сияқты. Өйткені, егер адамда кіріс болмай, бірақ несиесі болса, бұл мәселеге назар аудару керек. Несие алып, оны төлей алмаған адам не әкімдікке келеді, не министрлік алдына барады. Сондықтан, менің ойымша, тұтынушы несиесінің деңгейін реттеп, оны бақылау керек. Бұл банкке де, жалақыға дейін ақша береміз дейтін ұйымдарға да қатысты. Кім төлей алса, несие соған берілу керек.  Бірақ, кірісі жоқ, жалақысы жоқ адамға оның кірісін тексермей несие бере салуға болмайды», - дейді Тимур Сүлейменов.

Журналистердің сұрағына жауап берген ол әйелі несие алмайтынын, ал өзінде тұтынуға қажеттің зат үшін алған кредиті бар екенін айтты.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.