«Ерекше құқығы жойылады»: Қазақстанда онлайн несие беретіндерге қатысты үлкен өзгеріс болады
Енді онлайн кредиторлар да жылдық пайызбен несие беруге міндеттелмек
Енді Қазақстан Республикасының аумағындағы банктер де, микроқаржы ұйымдары мен онлайн кредит беретін ұйымдар да тек жылдық тиімді пайызбен несие беруге міндеттелмек. Бұл туралы бүгін Сенат кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдағы үлкен өзгерістің бірі осы. Яғни, қазір 45 күнге дейін несие беретін онлайн кредиторлар несиенің пайызын номиналды жүйеде белгілейді. Осылайша, олардың несие пайызы өздері беріп отырған несиесінің сомасынан да көп болып шығады.
«Біз енді Қазақстан Республикасының аумағында несие беретін банктер, микроқаржы ұйымдары мен онлайн кредиторлардың бәрі несиені тек тиімді жылдық пайызбен береді деп болжап отырмыз. Өйткені, қазіргі заңнамаға сай, 45 күнге дейін 50 АЕК аспайтын сомада несие беретін онлайн кредиторлар номиналды пайызбен несие беретін ерекше құқыққа ие еді. Яғни, бұл ерекше құқықтың арқасында онлайн кредиторлар қарыз алушыдан пайызды артығымен қайтарып алатын. Енді біз осы ерекше құқықты алып тастап жатырмыз», - деді Олжас Қизатов.