Тоқаев Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

Мемлекет басшысы былтыр жалпы Қазақстан үшін жақсы жыл болғанын атап өтті

Тоқаев Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақордада өткен кеңесте Ұлттық банктің былтыр атқарған қызметі туралы есеп берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президентке 2023 жылғы ақша-кредит саясатының орындалу нәтижелері, қаржы тұрақтылығын және алтын-валюта резервінің жай-күйін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банктің қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ Ұлттық қордағы активтер туралы баяндалды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция екі еседен астам, яғни 9,8 пайызға дейін төмендеген.

«Базалық мөлшерлеме 14 пайызға дейін төмендеген. Депозиттерді доллар түрінде сақтау 23,2 пайызды құрап, 26 жыл бұрынғы төменгі шекті деңгейге жетті. Бұл ретте Ұлттық банктің жалпы алтын-валюта резерві 2022 жылмен салыстырғанда биыл 0,9 млрд долларға немесе 2,5 пайызға көбейіп, 36 млрд долларды құраған. Ұлттық қордағы активтер 4,3 млрд долларға өсіп, 60 миллиард долларға жетті. Активтердің табыстылығы 11,38 пайыз болды. Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жиынтық көлемі былтыр 3,2 трлн теңгеге ұлғайып, 17,8 трлн теңгеге жеткен. Зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен асып, 10,1 пайызды құрады», - делінген Ақорда таратқан хабарламада.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Цифрлық теңге» жобасының іске асырылу барысы және цифрландыру мәселесіне қатысты маңызды бастамалар жайында ақпарат берілді.

Атап айтқанда, 2023 жылы қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп, Open API платформасы мен Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі антифрод-орталығы пилоттық режимде іске қосылды.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси тұрақсыздыққа, жоғары инфляцияға және жаһандық сауданың төмендеуіне қарамастан, былтыр жалпы Қазақстан үшін жақсы жыл болғанын атап өтті.

Сонымен қатар қазіргі әлемдік жағдайда еліміздің макроэкономикалық және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк пен Үкімет үйлесімді жұмысты жалғастыра беруі қажет.

Президент ұлттық қаржы нарығы жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін арттыруға және инфрақұрылым құруға қатысты бірқатар міндет жүктеді.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.