Бектенов туристерді Қазақстанның әдемі жерлеріне шағын тікұшақпен апаруды ұсынды
Премьер-министр туризм үшін шағын авиацияны дамыту өте маңызды деп санайды

Премьер-министр Олжас Бектенов шалғай орналасқан туристік аймақтарға туристерді кішігірім ұшақ не тікұшақпен тасымалдауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бектеновтың айтуынша, шағын азаматтық авиация мүмкіндіктерін туризмді дамытуға пайдалануға болады. Ол үшін көлік министрлігі инфрақұрылымды қайта қарап, әлеуетті инвесторларды тарту үшін тиісті жағдай жасауы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерін пысықтап, көршілес елдермен қатар, алыс шет елдердің де тәжірибесін зерттеу керек.
«Елімізде табиғи туристік аймақтар шалғай орналасқан, сондықтан шағын авиацияны дамыту өте өзекті. Кішігірім ұшақтар мен тікұшақтарға бетон жолақтар қажет емес, шағын инфрақұрылым салса, жетіп жатыр. Мұндай техникамен Өскеменнен Қатонға немесе Рахман қайнарына тезірек жетуге болады», дейді премьер үкімет отырысында.
Оның айтуынша, бұл біздің табиғи және тарихи аймақтарымыздың әлеуетін арттырып, турлардың жаңа пулын қалыптастыруға ықпал етеді.