Кәсіпкерлер коммерциялық жылжымайтын мүлік салығынан босатылады

Пияз, картоп және тазартылған майды шығаруға салынған тыйым алынды

Кәсіпкерлер коммерциялық жылжымайтын мүлік салығынан босатылады
Фото: ашық дереккөзден

Бұл шараны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынуымен Төтенше жағдай кезінде отандық бизнеске көмек көрсету туралы жаңа қаулыға енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Ербол Өзтеміров айтты.

Алайда, бұл салықтан барлық кәсіпкерлер босатылмайды. Шағын және орта бизнес бөлек қарастырылады. Ал, ірі бизнестің жекелеген бағыттарын қолдау бойынша бөлек қолдау шаралары болады.

«Салықтан және еңбекке ақы төлеу қорынан босату бойынша шағын және орта бизнеске қатысты 29 бағытта, ірі бизнеске қатысты 10 бағыт бойынша анықталды», - дейді Ербол Өзтеміров.

Сонымен қатар, Палата кәсіпкерлерге шығын келтірген ауыл шаруашылығы өнімдерін елден шығаруға салынған тыйымның кей тұстарын шектеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша, пияз, картоп және тазартылған майды шығаруға салынған тыйым алынып тасталды.

Елімізде төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін құрылған ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының шұғыл штабы экономика саласындағы істердің жай-күйін талдаумен, шағын және орта бизнес жұмысының шектеу режиміндегі салдарын азайту бойынша ұсыныстарды әзірлеумен айналысады.

Бұл штабқа кәсіпкерлер бизнесті одан әрі жүргізу мәселелерімен жүгінеді:

74%-ы жұмыспен қамту мәселелері туралы айтады;

54%-ы қызметкерлерді мерзімсіз демалысқа жіберу және қызметкерлерді толық емес жұмыс күніне ауыстыру қажеттілігі туралы айтады;

20%-ы қызметкерлердің санын қысқарту қажет деп санайды;

86%-ы қаржылық жағдайдың нашарлағанын көрсетеді;

59%-ы жалға алу ақысы бойынша туындаған мәселелер туралы хабарлайды;

22%-ы қызметкерлерге еңбекақы төлеуге мүмкіндіктің жоғы туралы;

5%-ы коммуналдық төлемдерді төлеу бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы айтуда.

Өтініштерді талдау қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ТЖ кезеңінде орын алған жағдайды барынша аз шығынмен еңсеруге көмектесетін шаралар бойынша ұсыныстар әзірленді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.