Қазақстанда экспорт көлемі бір жылда 8%-ға құлдырады
Биыл қаңтар-ақпан айларында еліміздің тауар айналымы 13,7 млрд долларды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға төмендеген

Қазақстанда тауар айналымының 66,1 пайызын экспорт құраса, қалған 33,9% импорт еншісінде. Айналымның бір жылда 4 пайызға төмендеуіне экспорт көлемінің 8,1 пайызға азаюы себеп болып отыр деп жазады Ranking.kz.
Биыл қаңтар-ақпан айларында Қазақстан шетелге 9,1 млрд доллардың тауарын сатса, былтыр осы уақыттағы экспорттың құны 9,9 млрд долларды құраған. Ал, импорт көлемі былтырмен салыстырғанда 4,6 пайызға өскен.
2020 жылдың алғашқы екі айында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымының көлемі 2,9 млрд долларға жетіп, 4,4 пайызға артыпты. Алайда, бұл соманың 2,1 миллиарды импорттың еншісінде. Яғни, еліміз Еуразиялық одақ елдерінің тауарын көбірек тұтынады. Ал, экспортқа небәрі 818,3 млн доллардың тауары шығарылды.
ЕАЭО елдеріне Қазақстан негізінен минералды өнімдерін сатады (384,8 млн доллар). Сондай-ақ, металл мен металл өнімдері (180,6 млн доллар), машина мен қондырғылар (82 млн доллар) экспортталады.