«ЖІӨ 126 трлн юаньды құрады»: Қытай үкіметі өткен жылды қорытындылап, биылғы жоспарын жариялады

Аягөз Құрмаш

Бейжіңде халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысы басталды

«ЖІӨ 126 трлн юаньды құрады»: Қытай үкіметі өткен жылды қорытындылап, биылғы жоспарын жариялады
Фото: Azattyq Ruhy

Қытай Халық Республикасының ЖІӨ былтыр 126 трлн юаньды құрады. Бұл туралы Бейжіңдегі Халық жиналысы үйі ғимаратында Мемлекеттік XIV Халық Құрылтайының екінші сессиясында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ол 11 наурыз түстен кейін жабылады. Сессия 7 күнге созылады.

Елдің барлық аудандарынан келген депутаттар Бейжіңге үкіметтің өткен жыл бойынша жұмысы, Қытайдың 2024 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспары мен бюджеті туралы мәлімдемесін, Жоғарғы халықтық соты мен Жоғарғы халықтық прокуратурасының есептерін тыңдап, бекіту үшін келді.

Жиында ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян үкіметтің жұмысы жайлы баяндама жасады.

«Қытай ЖІӨ-сі 126 трлн юаннан асып, 5,2 пайызға өсті. Бұл Қытайға әлем экономикаларының ішінде үздік орынды алуға мүмкіндік берді. Қала мен ауылдағы жұмыспен қамтылған халық саны 12,44 млн адамға жетті. Ал жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрады. Орталық деңгейде мемлекеттік қызметтің құрамы жасақталды. «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасына халықаралық қауымдастық жақсы қолдау көрсетті»,- деді Ли Цян. 

Оның айтуынша, бидай өндірісі рекордтық 695 млн тоннаға жеткен.

«Өткен жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен өзге партиялық және мемлекеттік жетекшілер көптеген елге барып, халықаралық іс-шараларға қатысты. Қытайда «Қытай-Орталық Азия форумы» ұйымдастырылды. «Бір белдеу-бір жол» бастамасы аясында халықаралық ынтымақтастық бойынша форум ұйымдастырылды. Қытай жаһандық даму және қауіпсіздік бойынша серіктестік қарым-қатынас құра білді»,- деді ол.

Премьер 2024 жылға да жоспар мен мақсат аз емес екенін жеткізді. 

«Биыл ҚХР құрылғанына 75 жылдықты мерекелейді. Бұл - 14-ші бесжылдықтағы мақсаттарды жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік. Біз экономикалық көрсеткіштер бойынша орталық кеңесте ұсынылған жоспарға сай болуымыз керек. Биылға ЖІӨ өсімі 5 пайызды құрауы керек. Қала мен ауылдағы жұмыспен қамтылған адам саны 12 млн адамнан асуы керек. Жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыз деңгейінде сақталады. Экономика өсімімен қатар халықтың әл-ауқаты арта береді. Халықаралық төлемдердің бірізділігі сақталады. Бұл жоспар ішкі және сыртқы жағдай мен факторларды ескеру нәтижесінде әзірленді»,- дейді Ли Цян.

Сондай-ақ ол 2024 жылы 1 трлн теңге юань көлемінде арнайы мемлекеттік облигация шығарылатынын айтты. 

Премьер «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан әрі ілгерілендіру жайлы айтты.

«Бір белдеу, бір жол» құрылысын жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін 8 қадамды жүзеге асыру қажет. Халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды жобаларды іске асырған абзал»,- деді ол. 

Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысы өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалуы туралы баяндаманы қарап бекітеді. 

Биылға арналған жоспардың жобасын әзірлейді. Наурыз қытайлық Жаңа жылға  сәйкес келмейді. Бірінші тоқсанда Қытайда бюджеттің едәуір бөлігі жұмсалады, бұл жыл сайынғы шығындардың үштен бірін құрайды, сондықтан бюджетті кеш бекіту мүмкін емес. Сол үшін де жиналыс наурызда өтеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.