Қазақстандық банктердің бір жылғы таза пайдасы қанша теңге болды
Банктердің меншікті капиталы 2023 жылы 31,3%-ға 6,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 11-і шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і – еншілес банк, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен хабарлағандай, 2023 жылы банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 23,1%-ға өсуі нәтижесінде 15,4%-ға 51,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 4,6%-ға өсті).
2023 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 15,1 трлн теңгені немесе активтердің 29,3%-ын құрады, бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
«Банктердің меншікті капиталы 2023 жылы 31,3%-ға 6,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 3,2%-ға өсті). 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,2%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді», - делінген хабарламада.
Банк секторының міндеттемелері 2023 жылы негізінен халық салымдарының 20,6%-ға өсуі есебінен 13,3%-ға 44,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 4,8%-ға өсті). Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында негізгі үлесті – 78,7%-ды немесе
35,1 трлн теңгені клиенттердің салымдары құрайды.
2023 жылы екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 22,4%-ға 27,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 3,9%-ға өсті).
2023 жылы екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 22,4%-ға 27,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 3,9%-ға өсті).
2023 жылы ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 23,0%-ға 25,8 трлн теңгеге дейін (2023 жылғы желтоқсанда 2,8%-ға өсті), шетел валютасындағы кредиттер 16,3%-ға 2,2 трлн теңгеге дейін (2023 жылғы желтоқсанда 19,6%-ға өсті) ұлғайды.
«2023 жылы екінші деңгейдегі банктер барлығы 30,3 трлн теңгеге жаңа кредиттер берді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 25,8%-ға артық. Бұл ретте 2023 жылғы желтоқсанда 3,5 трлн теңге берілді, бұл өткен аймен салыстырғанда 20,5%-ға артық», - делінген агенттік хабарламасында.
Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылы 11,9%-ға 9,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 7,2%-ға өсті). Ал дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2023 жылы 16,7%-ға 11,2 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылғы желтоқсанда 6,8%-ға өсті).
Жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2022 жылғы 31,8%-ға өсуімен салыстырғанда бәсеңдеп, 2023 жылы 28,9%-ға 18,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда – 2,3%-ға өсті).
Жеңілдетілген «7-20-25» ипотекалық бағдарлама талаптарын қайта қарау және азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға зейнетақы жинақтарын алуының көлемі азаюы салдарынан ипотекалық кредит беру 2022 жылғы 42,4%-ға өсуімен салыстырғанда 2023 жылы өсуі 14,9%-ға дейін немесе 5,4 трлн теңгеге дейін бәсеңдеді.
Тұтынушылық қарыздар 2022 жылғы 25,3%-дан жедел өсіп, 2023 жылы 34,1%-ға 10,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 2,7%-ға өсті).
Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылы 25,8%-ға 26,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 10,0%-ға өсті), шетел валютасындағы депозиттер негізінен заңды тұлғалардың валюталық салымдарының төмендеуінен 17,7%-ға 8,1 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылғы желтоқсанда 0,5%-ға өсті.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 2,2 трлн теңге болды, бұл 2022 жылға қарағанда 49,0%-ға көп», - делінген хабарламада.
Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 4,7%-ды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,7%), капитал рентабельділігі (ROE) 36,7%-ды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 30,4%) құрады.