Мұнай бағасы жыл соңына дейін бюджетте $20 деп белгіленді
Жалпы ішкі өнім 0,9%-ға дейін төмендейді

Ұлттық экономика министрлігі сәуір-желтоқсан айлары аралығындағы бюджетте бір баррель мұнай бағасын 20 доллар деп бекітті. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Руслан Дәленов айтты.
Себебі, жыл басынан бері мұнай бағасы 66%-ға, металдар 16%-ға, әлемдік биржалық индекстер орташа есеппен 21%-ға төмендеген. 1 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасы барреліне 22 долларға дейін арзандаған.
«Бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн. тоннаға дейін азайтылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада төмен көрсеткіштер күтілуде», - деді Р.Дәленов жиналыста.
Оның болжамынша, экспорт көлемі 16,3 млрд. долларға төмендеп, 35,1 млрд. долларды құрайды. Импорт 7,5 млрд. долларға қысқарады. Осылайша жалпы ішкі өнім 0,9 %-ға төмендейді.
Номиналды жалпы ішкі өнім мақұлданған болжамнан 4,8 трлн. теңгеге аз болады.
«Болжамды нақтылаудың негізгі факторлары – тұрақсыз сыртқы экономикалық жағдай, байқалып отырған жаһандық рецессия және коронавирустың таралмауы бойынша қорғау шаралары аясында іскерлік белсенділіктің төмендеуі», - деді министр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан