ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 67 адамнан коронавирус анықталды

Петропавлдағы зауыт антисептик шығара бастады

Компания алғашқы сынама үлгілерін жасап шығарды

Петропавлдық «Радуга» серіктестігі антисептик шығара бастады. Қазақстанда коронавирус дертінің таралуына байланыста нарықта аталған өнімге сұраныс күрт артқанын ескерген кәсіпорын басшылығы үш күн ішінде залалсыздандыруға арналған сұйықтық өндірісін бастап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігінің СҚО-дағы тілшісі.

Солтүстікқазақстандық «Радуга» серіктестігі - көпсалалы компания. Зауыт жүгері таяқшасы, тез дайындалатын кеспе сынды тамақ өнімдерінен бастап, күнделікті тұрмысқа қажетті пластик бұйымдар, гигиена құралдарына дейін өндіреді. Кәсіпорында жалпы саны 500-ден астам тауар түрі шығарылады.

АЛҒАШҚЫ СЫНАМА ДАЙЫН

Көпсалалы «Радуга» серіктестігінің мамандары ДДСҰ-ның бекіткен талаптарына сай антисептиктің алғашқы сынама үлгілерін жасап шығарды. Сынақтан сәтті өткен жаңа тауар санаулы күндерден кейін саудаға шығарылмақ.    

«Антисептик жасау үшін 96 пайыздық спирт пайдаланамыз. Оған 800 келі сутегі тотығын қосып, глицерин араластырамыз. Нәтижесінде, 60-70 пайыздық антибактериалды өнім дайын болады. Жасалу әдісі қарапайым. Күнделікті тұрмыста өте қажет. Әсіресе, қазіргі жағдайда. Біз барлығын тұтынушы үшін жасаймыз», - дейді кәсіпорынның технолог лаборанты Юлия Бызова.

Кәсіпорын мамандары аталған сұйықтық түрлі ауруларды тудыратын бактериялармен және вирустармен күресте таптырмас құрал екенін атап өтті. Әзірге дайын өнім қапталып, қоймаға жөнелтілуде.

«Біз айына 30 тонна антисептик шығара аламыз. Қазіргі кезде дизенфекциялық құралдардың кез келген түріне сұраныс жоғары. Тіпті, тауардың бұл түрі тапшы деуге  де болады. Отандық өнімнің бағасы қолжетімді. Қарапайым халық үшін бұл аса маңызды», - дейді көпсалалы «Радуга» серіктестігінің директоры Дмитрий Шарапаев.

ОТАНДЫҚ ӨНІМ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Әзірге цехта тәулігіне 1 тонна антисептик шығарылып жатыр. Олар көлемі 0,25 және 5 литрлік құтылармен сатылады.

«Спирт – Қарағанды мен Степногорск қалаларынан жеткізіледі. Антисептиктің 5 литрі шамамен, 10 мың теңге болады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, дезинфекция жасауға арналған құралдың 5 литрі орта есеппен, 20 мың теңгеден саудалануда. Қазір тауарға сертификат алу мәселесі туындап жатыр. Бұл сұрақта әкімдік өз тарапынан қолдау болатынын жеткізді», - дейді Дмитрий Шарапаев.

Серіктестік басшылығының сөзіне қарағанд, қажетті қор жинақталғаннан кейін өнім алдымен әкімдік сұранысы бойынша облыстағы мектеп, балабақша сынды тағы басқа әлеуметтік нысандар мен сауда орталықтарына жеткізіледі. Тізім басында адам көп шоғырланатын мекемелер де бар. Тауарды аудан орталықтары мен Қазақстанның барлық өңірлерінде саудалау да жоспарда бар.

КӘСІПОРЫН САБАННАН ЫДЫС ШЫҒАРМАҚ

Өткен жылы «Радуга» серіктестігінде кесек сабын шығаратын цех ашылды. Кәсіпорын жарты жылдың ішінде шамамен, 400 тонна өнім шығарған. Кір сабын мен иіс сабынның 12 түрі жасалады. Сабын цехында айына 120-130 тонна өнім дайындалады. Кәсіпорын заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Бүгінгі күні бір ауысымда небәрі 14 адам жұмыс істейді. Қуатты техниканың арқасында еңбек өнімділігі артқан.

Кәсіпорында шығарылған тауар еліміздің барлық өңірлерінде жоғары сұранысқа ие. Серіктестік басшылығы болашақта тағы да жаңа цех ашып, сабаннан қағаз бен ыдыс шығаруды жоспарлап отыр. 

Аграрлы аймақ саналатын солтүстік өңірде шикізат проблемасы туындамайды. Сабанның басым бөлігі егістік алқаптарында қараусыз шіріп жататыны жасырын емес. Оны өңдеп, дайын өнімге айналдыру технологиясын меңгеріп жатқан серіктестік енді сабанды да кәдеге жаратпақ.

«Сәуір айында тағы 14 адамды жұмысқа қабылдап, екі ауысым бойынша жұмыс істейтін боламыз. Нәтижесінде, өндіріс көлемі айтарлықтай арта түспек. Қазір кәдімгі сабаннан дәретхана қағазы мен бір рет пайдалануға арналған ыдыс-аяқ шығару әдісін үйренеміз. Ол үшін шикізат жеткілікті. Бұл – таза өнім болады. Экологияға да зияны тимейді. Аталған технологияны тек қана қытайлықтар қолданып жатыр. Ал, біз бұл желіні келесі жылы іске қосқымыз келеді. Күнделікті пайдаланылатын өнімдер қашан да сұранысқа ие ғой. Кәсіпорын соны ескеріп, үнемі жаңа өнім түрлерін жасауды қолға алады», - дейді өндіріс цехінің басшысы Андрей Генне.

Кәсіпорын басшылығы жұмысшыларына да жайлы жағдай жасай білген. Евгений Аитов – кәсіпорынның бас операторы. Ол мұнда заманауи қондырғыларды іске қосып, оның ақаусыз жұмыс істеуіне жауапты. Бір сөзбен айтқанда, барлық процесті қадағалап отырады.

«Кәсіпорын ашылғалы бері еңбек етіп келемін. Бұған дейін сұйық сабын жасайтын цехта жұмыс істедім. Сосын мені операторлыққа шақырды. Жалпы, жаңа қондырғылармен жұмыс істеу қиындық туғызбайды. Күніне орташа есеппен, 7 тонна өнім дайындаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды», - дейді «Радуга» ЖШС жұмысшысы Евгений Аитов.

Кәсіпорын сабаннан қағаз бен ыдыс жасайтын цех ашу үшін Петропавлда қирап бос жатқан ғимараттардың бірін сатып алмақ.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО