«Сбербанк» карталарын қолданушыларға төнген қауіп сейілді ме?
Урал федералды округіндегі банк қызметкері тұтынушыларының жеке мәліметтерін алаяқтарға сатқан

Өткен аптада Ресейде «Сбербанк» тұтынушыларының жеке мәліметтері алаяқтар қолына түскені туралы ақпарат тарады. Осы жағдайға байланысты аталмыш банктің Қазақстандағы бөлімшесі «Azattyq Ruhy» жолдаған ресми сауалға жауап берді.
«Сбербанк» АҚ төрағасы Г.Греф айтқандай, құқық қорғау органдары тексеріс барысында жеке мәліметтерді таратқан банк қызметкерін ұстады. Сонымен бірге банктің 5000 тұтынушысының кредиттік карталарының жеке мәліметтері алаяқтар қолына түскені белгілі болды. Ондай жағдай Қазақстандағы еншілес банкте болған жоқ», - делінген.
Бұдан бұрын «Коммерсант» порталы ұзын-саны 60 млн банк тұтынушысының мәліметі тарап кетті деп жазған болатын. Алайда, қаржы құрылымының баспсөз қызметі мұны растаған жоқ. Банк 5000 кредиттік карта иелерінің жеке мәліметі жария болғанын айтады. Олар бүгінде қайта жаңартылған.
«Банк қызметкері Урал федералдық округіндегі Сбербанк тұтынушыларының кредиттік карта жазбаларын интернеттегі қылмыстық топқа бірнеше траншпен сатқан. Бірақ олардың көбі ескірген, істен шыққан карталар еді» - делінген ресми жауапта.
Порталымызға сұхбат берген «Царка» кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры Арман Абдрасилов мұндай проблеманы шешудің бір-ақ жолы бар деп біледі. Ол үшін тұтынушылар туралы мәліметке қол жеткізудің ішкі тәртібін өзгерту керек.
«Сбербанктегі жеке мәліметтер адами фактор арқылы тарап отыр. Ал халықаралық дәрежедегі мұндай банктердің интернеттегі қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде болады. Оның үстіне ұлттық банк бекіткен және халықаралық тәртіпке сай ақпарат қауіпсіздігі ережелері бар. Visa, Master Card талаптарға сәйкес 3 ай сайын тексеріс жүргізеді» – дейді сарапшы.
«Сбербанк» қазақстандық тұтынушылар алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді. Олар - қандай да бір төлем кезінде келетін СМС кодтарды тірі жанға, тіпті банк қызметкеріне айтпау, өзге адамның байланыс телефонын сенім номері ретінде қолданбау, банк реквизиттерін ешкіммен бөліспеу, сондай-ақ күдікті қоңырау түскенде әңгімені созбай, колл-орталыққа хабарласқан жөн. Банк интернет браузерлерінде ешқашан пароль сақтамау қажеттігін де айтады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан