Халық табысының жартысынан көбін тамақ алуға жұмсайды – Президент
Президент азық-түлік бағасын тұрақтандыруда Үкіметтің қауқарсыз болып отырғанын айтты

Ақпан айында инфляция шарықтау шегіне – 21,3 пайызға жетті. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады.
Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», - деді Үкіметтің жұмысын сынға алған Тоқаев.
Айта кетейік, дәл қазір Үкімет үйінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.