PetroChina коронавирусқа байланысты ҚазТрансГазға форс-мажор туралы хабарлады
Қытай газ импорттаушысы форс-мажорды 5 наурыз күні жариялады
«ҚазТрансГаз» АҚ Қытай газының ірі импорттаушысынан коронавирусқа байланысты форс-мажор туралы хабарлама алды, деп жазады Рейтерс.
PetroChina сұраныстың маусымдық құлдырауы аясында және коронавирустың өршуінен кейін табиғи газдың кейбір түрлерінің импортын, оның ішінде сұйытылған табиғи газ (СТГ) бен құбыржолдары арқылы импортталатын газды жеткізуді тоқтатты.
ҚазТрансГаз алдағы уақытта газ жеткізу жөнінде PetroChina-мен өзара кеңес өткізетінін хабарлады.
«Қазіргі уақытта Қытайға қазақстандық газ экспорты келісілген көлемде жүзеге асырылады», - делінген Қазақ компаниясының хабарламасында.
Қытай газ импорттаушысы форс-мажор туралы 5 наурыз күні жариялады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2020 жылы Қытайға 10 миллиард текше метр газ экспорттауы тиіс болатын.
Өзбекстан мен Түркіменстандағы газ жеткізушілері PetroChina іс-әрекетіне әзірге түсініктеме берген жоқ.