Көлік, жиһаз, іссапар мен семинарларға кететін 128 млрд теңге қысқартуға ұсынылды
Министрлер мен әкімдердің имиджіне көзделген 6,8 млрд теңге қысқарады
2020 жылдың 24 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинетіне мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың, әкімдіктердің өнімсіз шығындарын, соның ішінде, имидж шығындарын қысқарту міндеттелген болатын.
Аzattyq-ruhy агенттігінің ресми сауалына жауап берген Қаржы министрлігі содан бері қанша теңге қысқартуға ұсынылғанын жария етті. Министрліктің ресми жауабында айтылғандай, бұл қаражат әзірге тек ұсыныс. Нақты қысқаратын сома мен қысқартудың арқасында үнемделетін соманың көлемі осы жылдың 1 мамырында белгілі болады. Наурыз басталмай жатып, қыруар қажетсіз шығын қысқартуға ұсынылса, мамырда мемлекеттік бюджеттің «мамыражай» маусымы туады деген үміт бар. Сонымен, әр тараптың қанша теңгені үнемдеуге болады деп ұсынғанына көз жүгіртсек.
ҚЫМБАТ КӨЛІК ПЕН ӘДЕМІ ЖИҺАЗ КӨЗДЕН БҰЛБҰЛДАЙ ҰШАДЫ
Айтқанымыздай, осы уақытқа дейін шығындарды оптимизациялау бойынша 128,6 млрд теңгеге ұсыныс түскен. Соның ішінде, орталық мемлекеттік органдар 17 әкімшілік бюджеттік бағдарлама бойынша 23 млрд теңгені, соның ішінде:
- көлік пен жиһаз сатып алуға, форумдар мен семинарлар өткізуге арналған 663 млн теңгені;
- бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша 5,4 млрд теңгені;
- кадрларды қайта дайындау мен біліктіліктерін арттыруға кететін 1,2 млрд теңгені;
- тауарлар мен консалтингтік қызметтерге көзделген 1,2 млрд теңгені;
- қарыз алу және де өзге де шығындарға жоспарланған 1,3 млрд теңгені;
- қайта салынған жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға кететін шығындарды қайта қарай отырып, 11,3 млрд теңгені үнемдеуге болады деп ұсыныс жасаған.
Соңғы қысқаруды қарапайым тілмен түсіндірсек, жекеменшік мектептер 11 млрд теңгеден астам қаражаттан «қағылады» деген сөз.
«Қысқартуға ұсынылған шығындардың көп бөлігі, атап айтсақ, 12,7 млрд теңге немесе барлық ұсынылған шығынның 55,2 пайызы Білім және ғылым министрлігіне тиесілі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен 5,5 млрд теңге, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен 1,3 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігінен 1 млрд теңге қысқартуға ұсынылған», - деп хабарлап отыр Қаржы министрлігі.
АҚШАҒА ҚҰРЫЛҒАН ИМИДЖ КІМГЕ КЕРЕК?
Бұл шығындардан басқа, мемлекеттік органдар іссапарлар мен имиджді көтеруге бағытталған біраз шығынды қысқартпақ. Мемлекеттік органдардан 1,2 млрд теңге, ал жергілікті атқарушы органдардан (14 облыс пен республикалық маңызы бар 2 қала әкімдігінен - авт) 5,6 млрд теңге, барлығы 7 млрд теңгеге жуық іссапарлар мен имидждік шараларға көзделген шығын қысқаруға ұсынылды.
«Жалпы, жергілікті атқарушы органдардан оптимизация жасауға 26,6 млрд теңге, соның ішінде: көлік пен жиһаз, форумдар мен семинарлар өткізуге көзделген 3,5 млрд теңге; бюджеттің инвестициялық жобаларына арналған 13 млрд теңге қысқартуға ұсынылды», - деп хабарланған қаржы министрлігінің ресми жауабында.
Дереккөзге сүйенсек, жергілікті атқарушы органдардан қысқаруға ұсынылған қаражаттың көбі - 14,9 млрд теңге Алматы қаласына тиесілі. Алматы облысы мен Түркістан облысы 2,2 млрд теңге, Атырау облысы 1,9 млрд теңгені қысқартуға ұсынған.
ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ ДЕГЕН «ҰЛЫ» ӘЛЕМ
Белгілі болғандай, осы уақытқа дейін оптимизацияға ұсынылған қаражаттың ең көбі Ұлттық компанияларға тиесілі. Квазимемлекеттік сектордағы субьектілерден қысқартуға 79 млрд теңге ұсынылған.
«Соның ішінде, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 48,3 млрд теңгені қысқартуды ұсынды. Қорға қарасты компаниялар әкімшілік басқарудағы персоналдарына төлейтін (олардың іссапарлары мен капиталды шығындары, оларға жиһаз бен көлік сатып алуға, консалтингті және өзге де зерттеу жұмыстарына көзделген шығындар) 25,3 млрд теңге қысқаруға ұсынылған қаражатқа кіреді», - деп хабарлады Қаржы министрлігі.
«Самұрық-Қазынадан» бөлек, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-нан 20,8 млрд теңге оптимизацияға жатады (бұның 20 млрд теңгесі 2019 жылы Үкіметтің резервінен бөлінген қаражат болса, 773 млн теңгесі әкімшілік-басқарушы қызметкерлерді қамтуға бөлінген). «Сонымен қатар, «Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-нан 5,9 млрд теңге, «Қазгеология» ұлттық геология компаниясы» АҚ-нан 1,5 млрд теңге қысқартуға ұсынылғаны хабарланып отыр.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындылары бойынша, Үкіметке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазАгро» АҚ-мен бірлесіп, 2020 жылдың 1 мамырына дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың өнімсіз шығындарын, оның ішінде имидж шығындарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізу тапсырылды. Осыған байланысты, қысқартылған шығындар және соның нәтижесінде алынған үнемдеу сомалары бойынша ақпарат жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша ұсынылады», - делінген бірінші вице-министр Берік Шолпанқұловтың қолымен келген хатта.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан