ШұғылCOVID-19: Бір тәулікте 720 адамнан коронавирус анықталды

Еуропа бизнесмендерінің Қазақстанға қызығушылығы төмендеді - EUROBAK

Нұр-Сұлтан қаласында Еуропалық бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының, Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстандағы Еуропалық бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде шетелдік инвестицияны қызықтыратын салалар талқыланды. Жиналғандар Қазақстандағы мұнай-химия және құрылыс салаларының, арнайы экономикалық аймақтар мен өңірлердің инвестициялық әлеуеті сияқты мәселелерді талқылады.

Аzattyq-ruhy Қазақстандағы Еуропалық бизнес қауымдастығының атқарушы директоры Юлия Кусидиге осы ұйымның мақсат-міндеті, еуропалық бизнестің Қазақстанға неге қызығып отырғаны, қағаз жүзінде ашылып, іс жүзінде бірнеше ғана кәсіпорын жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық зоналардың тиімділігі туралы бірнеше сұрақ қойды.

- Юлия, Қазақстанның инвестициялық саласында Eurobak қандай қызмет атқарып отыр?

- Біз соңғы 20 жылда Үкіметпен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық орнату аясында  Қазақстанда белсенді жұмыс істеп келеміз. Ең басты жетістігіміз - мемлекеттік органдар мен бизнес арасында конструктивті диалог орнатуға атсалыстық, инвестициялық климатты жақсартуға қолғабыс еттік. Яғни, Қазақстан инвестиция салуға тартымды елге айналуы үшін кейбір заңнамалық деңгейде өзгерістер қабылдауға түрткі болдық.

Қауымдастық болған соң, нақты бір сан мен статистиканы айту мүмкін емес, өйткені, біз инвестиция салмаймыз, біз тек шетелдік инвестор мен Қазақстан бизнесінің арасына диалог алаңын ұсынып, осы екі тарапты біріктірген соң, «Kazakh Invest», инвестиция жөніндегі комитет, инвестиция жөніндегі омбудсмен сияқты мемлекеттік және басқа да органдармен диалог орнатамыз. Бұл өте маңызды жұмыс, себебі, бизнеске инвестиция салу және бизнесті жүргізу кезінде міндетті түрде мәселелер мен кедергілер туындайды. Сондай сәтте істі сотқа жеткізбей, шешуге тырысамыз. Қауымдастық осы процестерге белсенді атсалысады. Қазақстанда жұмыс істеген 20 жыл ішінде осы ортада ашықтық, өзара түсіністік орнады деп айта аламыз.

- Сонда еуропалық бизнестің Қазақстанға деген қызығушылығы дәл қазір өсіп тұр ма, әлде, құлдырау бар ма? Еуропалық бизнестің Қазақстанға деген көзқарасының дәл қазіргі өлшемі қандай?

- Еуропалық бизнестің Қазақстанға деген қызығушылығы дәл қазір қандай кезеңде тұрғанын өткен жылдармен, мәселен, 2000-шы жылдармен салыстырсақ, кішкене құлдырау бар. Өйткені бұл әлемдік экономикадағы құлдыраумен байланысты, оны мойындаймыз. Бірақ, 2000-шы жылдардың ортасындағы жағдаймен салыстырсақ, қазіргі мүдделілік ақылға қонымды, тұрақты.  Жалпы еуропалықтар Қазақстанға үнемі мүдде танытады, Еуропа үшін Қазақстан Орта Азия елдерінің арасында «қызығатын зонада» тұр.

- Ал, бүгін талқыланған Арнайы экономикалық аймақтар қаншалықты тиімді деп ойлайсыз? Бүгін жиында олардың пайдасы туралы айтылды, ал Президент жуырдағы үкімет отырысында олардың саны өте көп екенін және жұмысын тоқтатуға келетін аймақтарды қысқарту керек деген болатын.  

- Арнайы экономикалық аймақ шын мәнінде (жұмыс істесе - авт) шетелдік инвесторлар үшін кәдімгі тартымды, ыңғайлы алаң. Арнайы экономикалық аймақ қызықты ма, тиімді бола ала ма деп, бизнес өкілдерінің өздерінен сұрау керек. Бизнес үшін, біздің ойымызша, бизнесті дамытудағы шара, яғни жоба ретінде арнайы экономикалық аймақ негізі қызықты. Ал, санына қатысты, экономистер пікір білдіре алады деп ойлаймын.

- Дегенмен, Қазақстанда олардың кейбіреуі ашылады да, жұмыс істемейді. Шетелдік бизнес Қазақстанда оншақты жыл бұрын ашылған кейбір экономикалық аймақтарда небары бір-екі жоба ғана жұмыс істеп тұрғанын біле ме?

- Жалпы, қандай да бір бағыт енді пайда болып жатқан кезде тиімділік мәселесі көтерілетіні анық. Ашылса, бірақ жұмыс істей алмаса, жауып, қай өңірде тиімді болды, соны қарау керек. Негізінде, Қазақстанның заңнамалық базасы жақсы, бизнесті дамыту бағдарламалары мен тиісті заңдар бар, бұны еуропалық сарапшылар ғана емес, әлемдік сарапшылар жақсы бағалайды. Бірақ, кейде оларды енгізу, іске  асыруға қатысты сұрақ туындайтыны рас. Бірақ, бәрі тәжірибемен келеді, сондықтан біраз уақыт өте келе, қолда бар әдіс тәсілдердің бәрін тиімді пайдалана алады деген үміттеміз. Ең бастысы, мынаны ұмытпау керек: Қазақстанның әдіс-тәсілдері бір ел үшін жақсы болса, екінші ел үшін келмеуі мүмкін. Яғни, бұл тірі процесс екенін ұмытпау керек.

- Айтпақшы, жаңа Сіз кейбір даулы істерді сотқа жеткізбей шешуге тырысамыз дедіңіз. Шетелдік инвесторлар Қазақстанмен қаншалықты көп соттасады?

- Ондай жағдай өте көп. Жоғары сотқа жүгінсеңіз, мәліметтің бәрі бар. Бірақ, бұл жақсы құбылыс, кез келген елде бар құбылыс.

- Сотқа жететін даулы мәселелердің негізгі себебі неде?

- Инвестиция жөніндегі омбудсмен кеңсесінің ғана статистикасына қарасақ, көбінесе соттасуға салық мәселелері түрткі болады.

- Сонда шетелдік бизнес Қазақстанның салық жүйесін түсінбей ме? Мәселе неде?

- Мәселе тіпті түсінбеуінде емес. Ия, заңды оқуда түсініксіз мәселелер туындайтын жағдайлар да бар. Яғни, салық кодексінің белгілі бір бабының бір пунктін теріс түсіну, не түсінбеу мәселесі бар. Ондай даулар пайда болып, оны сотқа жеткізбей шешуге болса, омбудсмен институты шеше алады және осы омбудсмен өте тиімді институт.

- Ал, инвестициялық климаттың жақсы тұстары, яғни, еуропалық бизнесмендер инвестиция салатын кезде қандай көрсеткіштерді басымдыққа алады?

- Қызығы сол, ең бірінші басшылыққа алатын көрсеткіш тартымды салық (шетелдік инвесторларға арналған салықтық жеңілдік - авт.). Бұл рас, олай емес деп ешкім айта алмайды. Бұны жасыруға болмайды. Инвестиция салар кезде ең алдымен тек ақша саналады және инвестицияның қайту жылдамдығы (жылдары) қаралады. Және де мамандардың біліміне қарайды.

Анықтама: Үкіметтің 2016 жылғы 14 қаңтарындағы қаулысына сәйкес, инвестиция көлемі 2 млн АЕК-тен, яғни, 5 трлн 302 млн теңгеден асатын шетелдік инвестор 10 жылға корпоративті кіріс салығынан, 10 жылға жер салығынан, 8 жылға мүлік салығынан босатылады.

- Кадр демекші, соңғы уақытта шетелдік жұмыс күштері туралы көп айтып жүрміз. Оларға берілетін квота азаяды. Сіз қазақстандық мамандардың білімін қалай бағалайсыз? Біздің жоғары білімі бар мамандар шетелдік компанияларға неге жұмысқа алынбайды?

- Оларды халықаралық компаниялар жұмысқа алып жүр. Бірақ, білім –  ол тәжірибе емес. Түсініңіз, жақсы білім – ұзақ жолдың басы ғана. Қазақстанда әлем бойынша саусақпен санап алатын маманды қажет ететін индустриялар бар. Ондай маманды 20-30 жылдап өсіреді. Сондықтан, өсіп, тәжірибе жинау үшін уақыт керек. Тағы да қайталап айтамын, жоғары білім – әлі тәжірибе емес.

- Жақсы, ендеше, халықаралық бизнес-қауымдастығы қазақстандық мамандардың тәжірибесін қалай бағалайды деп сұрағым келіп тұр?

- Негізінен, қазір Қазақстанда мамандарға қатысты картина өзгерген, әрине, жақсы жағына. Менің есімде мамандарды ұлттандыру бағдарламасы бар болатын, ол әлі де өзекті. Бизнес үнемі экономикалық көрсеткіштерге сүйеніп шешім қабылдайды, біз үкіметпен кездескенде бұл мәселені үнемі айтамыз. Егер бизнеске тиімді болса, ол жергілікті маманды алады. Өйткені, шетелдік маман қымбаттау.

Сұхбаттасқан – Кенжекей Тоқтамұрат