$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.03.2020, 12:13
Экономика

«Ең проблемалы сала» - Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіп секторын сынады

Сенатта жеңіл өнеркәсіп саласы талқыланды

«Ең проблемалы сала» - Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіп секторын сынады

Бүгін Сенатта «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнестің даму болашағы» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтті. Ресми шара басталмас бұрын жоғарғы палата депутаттары Сенат қабырғасында ұйымдастырылған отандық өндірушілердің жәрмеңкесін аралады.

Жиынды ашқан Сенат спикері Дариға Назарбаева Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп әлі де кенже қалған салалардың бірі екенін айтты. Оған басты себеп - тиісті органдардың экономиканың осы саласын дамытуда қажетті жағдай жасай алмауы.

«Жеңіл өнеркәсіп - Қазақстан өнеркәсібіндегі ең проблемалы сектор. Тура бір жыл бұрын Жол картасы қабылданды. Есепке сенсек, барлық іс-шаралар атқарылған. Алайда, бұл құжат жеңіл өнеркәсіптің барлық проблемаларын кешенді түрде шешпейді. Жеңіл өнеркәсіп - пайдалы қазба қорлары азайып, мұнай бағасы құлдырап, дағдарыстың жаңа толқыны таяған шақта экономиканы әртараптандыру мүмкіндіктерінің бірі», - деді Сенат спикері.

Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы бірқатар кедергіні атады. Оның айтуынша, отандық кәсіпорындар заманауи жабдықтар мен арзан жұмыс күшін пайдаланып отырған азиялық өндірушілермен бәсекелес болуға мәжбүр. Оған қоса, қажетті жабдықтар жоқтың қасы, шикізат аз,  кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар да тиімсіз. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп секторына салынатын инвестиция көлемі аз.

«Кәсіпорындар көп жағдайда банктерден несие ала алмайды. Екінші деңгейдегі банктер бизнестен түскен өтінімдерді қараған кезде кепіл мүлкін өте төмен мөлшерлеме бойынша бағалайды. Кредит алған кәсіпорындар ғимаратын салып бітірмей, жабдықтарды алып үлгермей жатып төлем төлеуді бастауға мәжбүр»,- деді Дариға Назарбаева.

Сенат төрағасы көрші Өзбекстан мен Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібі Қазақстанға қарағанда екі, үш есе дамып кеткенін айтты. Оның айтуынша, қазір еліміздегі орта және жеңіл өнеркәсіп саласында 1071 кәсіпорынның 40-ы ғана жұмыс істеп тұр. Ал, саладағы қызметкерлер саны 10 мың адамға да жетпейді.

«Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының «Qaz Textile Industry» ұлттық бірлестігі» директорлар кеңесінің мүшесі Сәуле Шәуенова Сенатта өткен жиында отандық кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын жеткізіп, инвестицияның жоқтығы жеңіл өнеркәсіп секторының дамуына тұсау болып отырғанын айтты.

«Жеңіл өнеркәсіптің тамырына қан жүгіртетін факторлардың бірі - инвестиция. Ірі инвесторлар еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің болашағына сенбейді. Отандық бизнесті қолдауда инвестициялық саясатты өзгертуге кеңес беремін. Оған қоса, жеңіл өнеркәсіпті экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыратын уақыт жетті. Жауапты органдар Ұлттық инвестициялық стратегияны қолға алса», - деген ұсыныс білдірді.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары