«Доллар бағамы 500 теңгеден асады»: экономистер ұлттық валютаға болжам жасады
Былтыр ҚР Ұлттық банкі базалық ставканы 7 рет көтеріп, 16,75 пайызға жеткізген
Ұлттық валютаның құны биыл да құлдырайды. Тіптен теңгенің «таразыдағы» салмағы «жеңілдеп», бір доллардың бағасы 520 теңгеге дейін жетуі мүмкін деп болжам жасады экономистер. Еркін айналымдағы теңге АҚШ ақшасының тегеуріне қалай шыдас бере алады? Azattyq Ruhy тілшісі өнеркәсіп, инфляция, әлемдік геосаяси жағдай, мұнай өндірісі және санкцияның астына қалған Ресейдегі ахуалдың теңгеге тигізер әсерін анықтап көрді.
Өткен жыл қаржы нарығы үшін жалпылай алғанда жағымды сияқты көрінгенмен, жекелей сараптағанда Ұлттық банкті тығырыққа тіреді. ҚР Ұлттық банкі базалық ставканы 7 рет көтеріп, 16,75 пайызға бір-ақ жеткізген. Ал инфляция деңгейі 20 пайыздан асып кетті. Сәйкесінше, бас банктен қарызға ақша алатын екінші деңгейлі қаржы ұйымдары несиенің пайызын 40 пайызға жеткізгені тағы бар деп отыр сарапшылар. Барыс пен қоян жылындағы көріністерді қоса саралаған сарапшылардың пікірінше, экономиканы ауыр кезеңдер күтіп тұр. Экономист Жангелді Шымшықовтың пайымдауынша, жұмыссыздық туралы да мәліметтер шынайы емес.
«Ұлттық банк базалық ставканы 7 рет көтерді. Бұл деген масқара! Инфляция деңгейі 20 пайызға жетті. Екеуін қосқанда 36 пайыздан асып тұр. Ұлттық банктен қарызға ақша алтын екінші деңгейлі банктердегі несиенің пайызы 40 пайызға жетті. Осындай жоғары үстеме пайызбен кәсіпорын ашуға бола ма? Әрине, жоқ. Ол кезде тапқаны пайыздық үстемені жауып отыруға кетеді. Бұл айналып келгенде экономикаға соғады. Қазір шағын және орта бизнес дамып жатқан жоқ. Қиын жағдайда. Ендеше, қолжетімді несие болмаған соң, ішкі өндіріс тежеледі, тіпті тоқтайды деуге болады», -деді экономист Жангелді Шымшықов.
Ұлттық банк алтын валюта резервін арттырумен айналысады. Бас қаржы институтының ең алдымен айналысар ісі – экономикалық өсуді қамтамасыз ету. Ұлттық банк ірі табыс көзі ретінде түсімдерді шетелдік қаржы ұйымдарына салып келеді. Экономистер бұл әдіс тығырықтан шығар жол деп санамайды.
«Ұлттық банк қазір мониторлық саясат жүргізіп отыр. Оған экономикалық өсуге жауаптылықты тапсырса, онда Ұлттық банк ертең-ақ базалық ставканы түсіреді. Ал оның басты мүддесі – резервтерін ұлғайту. Одан не пайда? Ресейді қараңыз. Қаншама қаражатын шетелдің құнды қағаздарына салды. Енді Еуропаның банктері оларды тәркілеп, Украинаның қираған қалалаларына жұмсаймыз деп шешім шығаруға ұмтылып жатыр. Осылайша, құнды қағаздарды оп-оңай жоғалтып алуға болады. Тек қана шикізатты сататын елдің экологиясы да, экономикасы да түбінде күйрейді.
Қазақстанның ұлттық экономикасы «шикізат лағінетіне» ұшырап отыр. Сайып келгенде өңдеуші өнеркәсібі дамыған, тауар шығарушы елдер ғана ұтады. Сондықтан сыртқы саясатты өзгертпейінше жағдай түзелмейді. Қазіргі жүргізіліп жатқан ресми статистика дұрыс емес. Олармен бәсекелес болатын «дербес статистикалық қауымдастықтар» ашылуы керек. Осылай жасанды статистиканы құрту керек. Жұмыссыздық қазірдің өзінде 4 пайыз емес, 9-10 пайызға дейін жетіп қалды. Ал кез-келген мемлекетте жұмыссыздықтың деңгейі табиғи деңгейден асса, яғни 6 пайыздан жоғары болса, Үкімет отставкаға кетуі керек. Өйткені мұндай үкімет елді жұмыспен қамтамасыз ете алмағандықтан қабілетсіз болып саналады», - деді экономист.
1993 жылы 1 доллар 4 теңге болса, қазірге дейін ұлттық валютамыз өзінің құнын 120 есеге жуық жоғалтқан. Мамандар теңгенің құнын ұстап тұрудың жолдары бар деп санайды. Ішкі өнім көлемі көбейіп, экспорт ұлғайса экономика ғана өсіп қоймай, теңге де құнын құлдыратпайды.
«Қазір әлем турбулентті жағдайда тұр. Стресстік ситуациялардың салдарынан бір доллар 480-нен 520 теңгеге дейін баруы мүмкін. Ұлттық банк базалық ставканы тағы да көтеруі мүмкін. Жаппай долларға сұраныс артуы да ықтимал. Бұл негативті сценарий.
Ал базалық сценарий бойынша, бірінші жартыжылдықта теңгенің долларға шаққандағы бағамы біраз құбылады. Екінші жартыжылдықта қымбатшылықтың қарқыны басылады деп ойлаймын. Былтыр инфляцияның деңгейі 20 пайыздан асып кетті. Менің бір жыл бұрынғы болжамым тура келді. Биыл Ресей мен Украина арасындағы соғыс бізге қатты әсер етпесе, инфляция 12-16 пайызды құрайды. Меніңше, ұлттық банк екінші жартыжылдықта инфляция деңгейіне қарай базалық ставканы түсіруі де мүмкін», - деді экономист Арман Бейсембаев.
«Біз тамақтың 40 пайызын Ресейден сатып аламыз. Бұл біздің азық-түлік қауіпсіздігінің де жоқ екенін көрсетеді. Ең болмағанда азық-түлікті толық қамтуға болар еді. Алдағы уақытта долларға деген сұраныс ішкі нарықта көбейеді. Сонымен қатар Ресейден кететін азаматтардың барлығы ақшаны долларға айырбастайды. Ендеше доллар қымбаттайды деген сөз»,- деп қорытындылады экономика ғылымдарының кандидаты Шымшықов.
Теңге құнының тұрақтылығы мұнай бағасына да тікелей байланысты. Үкімет мұнайдың баррелін 80 долларға есептеп, бюджетті бекітті. Егер қара алтынның құны көтерілсе, теңгенің құны да тұрақты болады. Ұлттық қордың кірісі де артады. Бұл тек оптимистік көзқарас. Санкцияның астында тұрған Ресей экономикасының батыс елдерінің саясатына қаншалықты төтеп бере алатындығы да теңгеге тікелей әсер етеді. Батыстың қыспағына бір жыл төтеп берген көрші елдің экономикалық қуаты әлсіресе, рубльмен бірге теңге де құнсызданады.
«2023 жылдың бірінші жарты жылдығында теңгеміз тұрақты, 460-470 теңге, асып кетсе 480 теңге деңгейінде тұрады. Ал екінші жартыжылдықта 490-ға дейін жетуі мүмкін. Бұған мұнай бағасы мен Ресейдің санкцияларға қатысты экономикасын тұрақтандыра алуы әсер етеді. Былтыр Ресей санкцияларға төтеп бере алды. Сондықтан рубль де, теңге де тұрақты болды деуге келеді. Ресейдің экономикасы биыл қиналуы мүмкін. Қазір 1 доллар 72 рубльдің төңірегінде. Егер АҚШ валютасы 80 рубльге жетсе, теңгенің құны да 490-ға барып қалады. Биыл әлемдегі келеңсіз жағдайлардың салдарынан мұнайдың баррелі 80-90, тіпті 100 долларға дейін жетуі мүмкін. Әрине, бұл бізге жақсы», - экономист Сапарбай Жобаев.