Елімізде бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 25,3%-ға өсті
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Қостанай және Жамбыл облыстарында тіркелді
Желтоқсан айында айлық инфляция деңгейі қарашамен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеп, 1,2% құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Азық-түлік арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, желтоқсанда қияр 35,6%-ға, қызанақ 14,6%-ға, тәтті бұрыш 8,4%-ға, пияз 7,9%-ға, қызылша 3,8%-ға қымбаттады. Ал қант 3,8%-ға, лимон 0,9%-ға арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде желтоқсан айында техника бағасы айтарлықтай жоғарылаған. Мәселен, 2022 жылғы қарашамен салыстырғанда сымсыз құлаққаптар – 7,7%-ға, планшет – 6,3%-ға, электрлі жылытқыштар – 6,1%-ға, ноутбук – 3,7%ға қымбаттады. Ыдыс жууға арналған құралдардың бағасы 4,5%-ға, кір жуғыш ұнтақтыкі 4%-ға өсті.
Бұдан бөлек, өткен айда ақылы қызметтердің бағасы 0,5%-ға өсті. Туристердің медициналық сақтандыру қызметі 7,3%-ға, көлік жуу қызметі 3,8%-ға қымбаттады. Коммуналдық қызметтер бойынша орталықтан жылыту мен ыстық суда тарифтердің төмендеуі байқалды.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Қостанай және Жамбыл облыстарында тіркелді – әрқайсысында 1,9%-дан, ең төмені Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында – әрқайсысында 0,7%-дан.
Сондай-ақ, азық-түлік тауарлары құнының өсуі бойынша Қостанай және Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша жоғары баға өсімі Қостанай облысында, ақылы қызметтер Жетісу облысында тіркелді.
2022 жылғы желтоқсанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 20,3% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 19,4%-ға, ақылы қызметтер 14,1%-ға өсті.
2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда шақпақ қант 92,7%-ға, кір сабын 87,6%-ға, кеңсе тауарлары 70,3%-ға қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде сұйытылған газ (баллондарда) – 23%-ға, қырыққабат 15,2%-ға арзандады.