$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Отбасы банкінде ипотекалық несиенің үстеме ақысы көтерілетіні рас па?

1 қазаннан бастап аралық тұрғын үй заемдарына сараланған пайыздық мөлшерлемелер қолданысқа енгізілмек

Отбасы банкінде ипотекалық несиенің үстеме ақысы көтерілетіні рас па?
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін мессенджерлерде қазан айынан бастап Отбасы Банкі арқылы берілетін ипотекалық несиенің пайыздық үстемесі артатыны жайында хабар тарады. Ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында Azattyq Ruhy тілшісі аталған қаржы институтына хабарласты. 

Отбасы банкінде 2022 жылдың 1 қазанынан бастап аралық тұрғын үй заемдарына сараланған пайыздық мөлшерлемелер қолданысқа енгізілмек. Яғни, аралық заем бойынша мөлшерлеме жинақтау кезеңіне және сәйкесінше бағалау көрсеткішінің белгіленген диапазондарына байланысты болады. Аралық заем бойынша пайыздық мөлшерлеме жылдық 7%-дан 11,5%-ға дейін көтеріледі. Отбасы банкіндегі жинақ шотына бірден, депозитте қаражат жинамай, тұрғын үй құнының 50%-ын аударған клиент мөлшерлемесі 10%-дан 11,50%-ға дейінгі аралық заемға өтінім бере алады. 7%-дан 8,5%-ға дейінгі бұрынғы мөлшерлеме бойынша аралық заем алу үшін банк салымшысы қолындағы тұрғын үй құнының 50%-ын депозитке салып, бағалау көрсеткішін 5-ке дейін жеткізуі керек. Бұл мәнге жету үшін депозит толықтырылған сәттен бастап 6 ай мерзім өтуі қажет. Сонда заем бойынша пайыздық мөлшерлеме төмендейді.

«Аралық тұрғын үй заемдары Отбасы банк салымшыларының арасында сұранысқа ие. Осы уақытқа дейін олар 5%-ға дейін төмендеу мүмкіндігімен жылдық 7%-дан бастап 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен беріліп келді. 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 31 шілдесі аралығында Отбасы Банк жалпы сомасы 1 778 587 млн теңгеге 98 546 аралық тұрғын үй заемын берді. Олардың жартысына жуығының, яғни 49 пайызының бағалау көрсеткіші 0,83-тен жоғары болмаған. Бұл несие алу кезінде клиенттердің қаражаты депозиттерде жинақталмағанын, демек, жүйеде жұмыс істемегенін білдіреді. Жинақтау және несиелендіру балансы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі негізгі және әділ қағида. Себебі ТҮҚЖ жүйесіне сыртқы көздерден қаражат тартылмайды. Клиенттердің бірі ақша жинақтап жатқан уақытта, басқалары несие алады. Бұл жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қаражатын жинақтай білген салымшыларға төмен мөлшерлемемен қарыз алуға мүмкіндік береді», - деді Отбасы Банк баспасөз хатшысы Жанар Жолтаева.

Серіктес жаңалықтары