Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценариі ұсынылды

Әсел Оршыбекова

2023 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарланып отыр

Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценариі ұсынылды

2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3 %-ды құрайды. Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған үш сценариі әзірленді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85$ деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 %-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы - 4%.

Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110$, АҚШ долларының бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 % деңгейінде болжанып отыр.

Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60$ және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды», - деді Ұлттық экономика министрі.

Болжам бойынша, инфляция барлық сценарийлерде 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы – 4-5% деңгейінде, кейіннен 2025 – 2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді.

Үкімет бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалануды ұсынып отыр.

Аталған сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2 %-ға дейін артады. Номиналды ЖІӨ 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі.

Үкіметтің 2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының іс-шараларын және ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 2023 жылы 1 трлн теңге және 2024 жылы 400 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарланып отыр.

2023 жылы республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2,0 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде белгіленді.

«Біздің болжамдар бойынша Ұлттық қордан тартылатын қаражат пен орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынының жоғарғы шегін белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 2020 – 2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы Заңның қолданылуының аяқталуына байланысты, осы бағыттағы 2023 – 2025 жылдарға арналған заң жобасы әзірленді.

Осыны ескере отырып, үш донор өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау облысы айқындалды, олар бойынша бюджеттік алып қоюлар мынадай көлемде айқындалды: 2023 жылы 487 млрд теңге, 2024 жылы – 536 млрд теңге, 2025 жылы – 577 млрд теңге.

Қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі 2023 жылы – 4,9 трлн теңге, 2024 жылы – 5,2 трлн теңге, 2025 жылы – 5,7 трлн теңгені құрады», - деді Әлібек Қуантыров.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.