Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдері әлемдік электрондық сауда нарығына шығады
Неміс компаниясының өкілдері Еуроодақтың IT саласындағы технологиясын Қазақстанға әкелеміз деп отыр
Бүгін Қазақстанға Германияның «Mundus Agri» атты электрондық сауда-ақпараттық платформасын басқаратын «Dedere Deutschland» компаниясының өкілдері келді. «Mundus Agri» порталы – әлемдік агроөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы нарығында өндірушілер мен сатып алушыларды тоғыстырып, тікелей сауда жасасуға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Бұл компания биылғы стратегиялық даму жоспарына Қазақстанды қосып, еуропалық стандартқа сәйкес тауарларды электрондық саудаға шығаруға шақырып жатыр.
«Қазақстанға сапарымыздың мақсаты – Еуроодақ қабылдаған аграрлық өндіріс саласындағы стандарттарды дамытуға атсалысу. Одақтың IT саласындағы жаңа технологияларын Қазақстанға әкелу. Бүгінгі конференцияда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің Еуропалық аграрлық платформаға қалай кіретінін талқылаймыз. Жергілікті кәсіпорындар әлемдік нарық бойынша, бағалар бойынша қажетті ақпаратты ала алады. Содан кейін сауда операцияларын жүргізуге мүмкіндік туады. Бастысы – біздің платформа қазақстандық кәсіпорындарға Еуропадан сауда серіктестерін табуға көмектеседі. Себебі, порталға 70 мыңнан астам қолданушы тіркелген», - деді бұл туралы «Dedere Deutschland GmbH» компаниясының бас директоры Михаэль Гютлих.
Қазір бүкіл әлемдегі ауыл шаруашылығы және азық-түлік тауарларын өндірушілер бірыңғай платформаны қолданады. Дегенмен олардың 70-80%-ы Еуропада орналасқан. Сайтта 60 мың маңызды телефон нөмірлері бар. Еуропаға тауар жөнелткенде бірқатар сауда кедергілерін жойып, фитосанитарлық бақылауды электронды түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Сондықтан, отандық өнеркәсіп орындары Еуропа нарығын көздесе, «Mundus Agri» платформасын ақпараттық, байланыс ресурсы ретінде қолданса болады. Оған қоса, «Dedere Deutschland» компаниясының ТМД елдері бойынша кеңесшісі Серікбай Жұмабаев Қазақстанда ресми өкілеттік ашатындарын айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5-6 желтоқсанда Берлинге жасаған ресми сапары барысында екіжақты агроөнеркәсіп саласында нақты жобаларды қолға алып, іске асыру бойынша уағдаластықтар жасалды. Соларды жүзеге асыру үшін бүгін «Dedere Deutschland» компаниясының делегациясы келіп отыр. «Dedere Deutschland» биыл Қазақстан нарығына қадам жасап, бірлескен кәсіпорын құруға ниетті. Бұл Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуына үлесін тигізеді деп есептейміз. Агроөнеркәсіп өнімдерін еуропалық стандартқа сәйкестендіріп, экспортқа шығаруға қадам жасалады», - деді С.Жұмабаев.
Жалпы, Қазақстанда электрондық сауда 2000 жылдары алғашқы интернет-дүкендерінің ашылуымен басталған. Дегенмен, жаппай сипатқа ие болуы соңғы кездері ғана. 2018 жылы еліміздегі электронды сауда нарығының көлемі халықаралық электрондық алаңдарды қоса алғанда 269 млрд теңгені құраған. Сөйтіп, электрондық сауданың бөлшек тауар айналымындағы үлесі 2,9%-ға жеткен.
«Mundus Agri» платформасы туралы толық ақпаратты www.mundus-agri.eu сайтынан білуге болады. Өндірушілер үшін порталға тіркелу тегін. Коммерциялық қызметтері де бар. Мәселен, жарнама беру үшін ақша төлеуге тура келеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан