Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы: мақсат, бағыт, нәтиже

Үкімет индустрияландыру бағытында алдағы 5 жылға нақты жоспар құрды

Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы: мақсат, бағыт, нәтиже
фото: miid.gov.kz

Үкімет қаулысымен индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Экономиканы әртараптандыру бағытындағы бағдарлама 2010 жылдан бастап іске қосылды. Алғашқы бесжылдықтардың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 70 трлн теңгеге өнім өндірді, ал, адам басына еңбек өнімділігі 35,3 мың долларға жетті.

Бағдарлама мақсаттарының ішінде: ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлар өндірісінің көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейту; негізгі өндірістерді дамыту және стратегиялық жобаларды іске асыруды ынталандыру арқылы өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту; өңдеу өнеркәсібі салаларын технологиялық дамыту және цифрландыруды қамтамасыз ету бар.

«ИИДМБ 3.0 іске асыру кезеңінде экспортқа бағытталған 40 негізгі жобаны іске асыруға баса назар аударылады. Соның ішінде, күрделі тыңайтқыштар өндірісінің кешені «Еврохим Қаратау», полиэтилен өндірісі бойынша Borealis жобасы, Жамбыл облысында кальций қосылған сода өндірісі «Yildirim Holding». Машина жасау саласында Қостанай облысында «КАМАЗ» автомобиль арнайы техникасы мен техника автокомпоненттері өндірісін, Алматы қаласында Hyundai жеңіл автомобильдер өндірісін, сондай-ақ Claas KgaA mbH неміс ауылшаруашылық машина жасау алыбымен бірлесіп, ауыл шаруашылық техникасы өндірісін іске қосу жоспарлануда», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.

ИИДМБ 3.0 енгізуден күтілетін нәтижелер: өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігін 2018 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге нақты өсіру (бір адамға шаққанда 55,9 мың долларға дейін); өңдеу өнеркәсібінде экспорт көлемін 2018 жылғы деңгейге қарағанда 1,9 есеге өсіру ($15,8-ден $29,5 млрд дейін); өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына инвестициялардың физикалық көлемі индексін 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,6 есеге өсіру ($3,6-дан 5,9 млрд дейін).

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.