Биыл салықтан түсетін 386 млрд теңге жергілікті бюджетке аударылады
Биылдан бастап шамамен 100 мыңға жуық кәсіпкер жергілікті бюджетке салық төлейді
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Ермек Алпысов қаңтар айынан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге аударылатынын тағы да еске салды. Бұрын салықтан түскен қаржы толықтай республика қазынасына салынатын.
«Жергілікті бюджетке салық төлейтін шамамен 100 мыңға жуық кәсіпкер бар. Сол үшін Қаржы министрлігі қосымша бюджетті бағалау кодын енгізді, осылайша салықтан түскен қаражаттың бір бөлігі облыстық мәслихаттың шешімімен облыстық бюджеттен аудандық бюджетке аударылады. 2020 жылы өңірлердің бюджетіне 386 млрд теңге (салықтан – ред.) түседі деп күтілуде», - дейді Ермек Алпысов.
Сондай-ақ вице-министр республикалық бюджет ірі биснестен түсетін КТС-пен толығатынын айтты.
«Кәсіпорындардың тізімі әр үш жыл сайын Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітіледі. 2020-2022 жылдарға арналған салық төлеушілердің тізімі ведомство сайтында орналастырылған және қазіргі уақытта салық төлейтін 1,7 мың кәсіпорын тізімге енді», - дейді вице-министр.
Вице-министр Ермек Алпысов мұндай бастама шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді және өңірлердің экономикасын нығайтады деп есептейді.