Үкімет макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамын мақұлдады

Azattyq Rýhy

Ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді

Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің нақтыланған болжамын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр атап өткендей, макрокөрсеткіштердің болжамы сыртқы экономикалық жағдайды, мұнай нарығындағы үрдістерді ескере отырып, нақтыланды.

«Жыл басынан бері ел экономикасы өсуінің оң серпіні байқалады. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанның қорытындысы бойынша 3,5% құрады. Мұнайдың Brent маркасының орташа бағасы жыл басынан бері барреліне 98 АҚШ долларын құрады. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 АҚШ доллары деңгейінде айқындалды. Сонымен бірге халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша, ағымдағы жылы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу перспективаларының төмендеуі күтілуде», - деді Ә. Қуантыров.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 3,5 трлн теңгеге жоғары.

«Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 3,5%-тен 2,9%-ке дейін төмендетілді. Құрылыстағы өсу бұрын мақұлданған 3,8% деңгейінде сақталады. Ақпарат пен байланыста байланыс қызметіне сұраныстың азаюы нәтижесінде болжам 8,3%-тен 5%-ке дейін төмендетілді», - деді министр.

Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 72,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Импорт 40,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Инфляция 8-10% дәлізде анықталды.

Бұдан басқа, түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде бюджет кірісі болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 10,2 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары.

«Президент қойған міндеттерді іске асыру және республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылға бекітілген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшерін 4 трлн теңгеге дейін ұлғайту арқылы түзету ұсынылады. Қордағы азайтылмайтын қалдық жалпы ішкі өнімге қатысты 32% деңгейінде болжанады. Валюталық активтер 55,9 млрд АҚШ доллары деңгейінде бағалануда», - деді Қуантыров.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.