$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қытай салуы тиіс 55 зауыттың тағдыры немен аяқталды?

Экономист қытайлық инвестициядан Қазақстан экономикасы тек ұтатынын айтып отыр

Қытай салуы тиіс 55 зауыттың тағдыры немен аяқталды?

Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен 55 жобаның бүгінге дейін 18 жобасы іске асты деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

2015 жылы Қазақстан мен Қытай арасында индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы үкіметаралық келісім шеңберінде Қазақстанда металлургия, мұнай және газ өңдеу, химия өнеркәсібі, машина жасау, электр энергетикасы, көлік, құрылыс материалдарын дайындау және агроөнеркәсіптік кешенде 27,6 млрд доллар сомасына 55 бірлескен Қазақстан-Қытай жобасы іске асырылуы тиіс болатын.

Белгілі болғандай, 19,6 млрд доллар сомасындағы 27 жоба Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, қалған 7 жоба Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 20 жоба Энергетика министрлігіне және бір жоба «Астана» халықаралық қаржы орталығына тиесілі.

Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңнен бері 120-дан астам елден 330 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. Оның 5% жуығы Қытай Халық Республикасына тиесілі.

2015 жылдан 2019 жылдың қыркүйегі аралығында жалпы сомасы 3 млрд 957 млн долларды құрайтын 18 жоба іске қосылды, жалпы сомасы 3 млрд 774 млн доллар болатын 11 жоба іске асырылу кезеңінде, тағы 29 жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда.

Жалпы, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру күтілуде, бұл ретте қазақстандық жұмысшылардың үлесі 90 %-дан асады.

Болашақ өңдірістердің түпкі өнімі ретінде жеңіл автокөліктер, мұнай-газ құрылғылары, болат құбырлар, арнайы қортпалар, бірінші ретті алюминий, кальций қосылған сода, полипропилен, рапс майы және ет өнімін өндіру ісі қолға алынбақ. Бұған қоса, электроэнергетика, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп, сондай-ақ инфрақұрылыс салаларында жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Экономист Мақсат Сералының айтуынша, Қазақстан нарықтық экономикада дамып келеді. Тәуелсіздік алған кезден бастап біршама кәсіпорынның жағдайы мүшкіл болды. Соның есебінен жекенің қолына өтіп кеткен зауыттарды кәсіпкерлер толықтай алып жүре алмады.

«Оның жартысы тоналды, банкрот болды. Бұған қоса мамандар тарап, зауытты жүргізетін технологтар тапшы бола бастады. Елдегі өндірістік саланы ары қарай дамыту үшін бізге шетелдік инвесторлар қажет. Себебі, шетелдік инвестор қаражат салғаннан кейін зауытты іске қосатын білікті мамандарды өзі алып келеді. Бұл біздегі кадрлардың үйренуіне зор мүмкіндік. Қытайлар келіп Қазақстанды басып алады деп айту орынсыз. Мемлекет пен инвестор тарапынан жүргізілген келісімшарт бойынша олар бірінші кезекте қазақстандық мамандарды жұмыспен қамтуға міндеттеледі. Бұл өз кезегінде елдегі жұмыссыздық мәселесін шешедіә, - дейді экономист.

Оның айтуынша, Қытайдан келіп жатқан инвест-жобалардың басым бөлігінде жұмысшылардың 90%-ы жергілікті халық болуы тиіс. Ал қалған 10%-ы бізде жоқ немесе тапшы мамандар. Сондықтан шетелдік компаниялар өздерімен бірге жоғары технологияларды алып келеді.

«Қытай мен Қазақстан арасында 2019 жылы 15 біріккен жоба мақұлданған болатын. Қазіргі уақытта 18 жоба іске асып жатыр. Айта кетерлігі бұл жобалардың барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жүзеге асырылады. Онда өзінің бекітілген талаптары бар. «Қытайдың зауытымен бірге азаматтары да келіп, Қазақстан азаматтығын алады» деген мәселелер жиі көтерілді. Ондай жағдайға жол берілмейді. Бірақ ескеретіні, Қытай қомақты сомаға қаражат құйып отырғаннан кейін міндетті түрде өз мамандарын тартады. Кез келген елде осындай тәжірибе бар», - дейді М.Сералы.  

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда іске қосылған зауыттарда шығарылған өнімдерді біз қайта Қытайға экспорттаймыз.

«Қазір Қытайдың экономикасы шарықтау шегіне жеткен. Ол елде экологияға байланысты шикізат өндірістері тоқтатылған. Десе де, сұраныс бұрынғыша жоғары. Сол үшін Қазақстанда өндірілген тауар көрші елдің ішкі нарығына тұтынуға жіберіледі. Бұл біздің экономикамыз үшін де аса қолайлы. Бұған қоса, ескеретін тағы бір мәселе, бізде салынған Қытайдың зауытында шығарылған өнімді қайта көрші елге саудаға шығаруда ешқандай кедергі болмайды. Бұл ақша айналымына оң әсер етеді», - дейді ол.

Халықты жұмыспен қамту сынды қордаланған мәселені шешумен қатар, Солтүстік және Орталық Қазақстанда халық санын арттыру мәселесі де Үкімет алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Осы ретте Қытай инвесторларымен салынған зауыттардың бірқатары солтүстік және орталықта шоғырланған. Мысалы, Павлодар облысында ұнтақты полипропилен өндіру қондырғысы жаңартылса, Қостанай облысында машина жасау саласы, Солтүстік Қазақстан облысында рапс майын өндіру сынды ірі жобалар іске асқан. Алдағы уақытта Қарағанды облысында қуаты 24,9 МВт СЭС салу және электролиттік марганец өндіруге арналған зауыт салу жоспарланған. Сонымен қатар, Павлодар облысында алюминий өндірісі және екі энергия блогы қайта құрылмақ.

Серіктес жаңалықтары