$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ауғанстандағы саяси жағдай отандық астық экспортына кері әсер етті – маман пікірі

Солтүстік диқандары өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға аз өнім алды

Ауғанстандағы саяси жағдай отандық астық экспортына кері әсер етті – маман пікірі

Биыл жазда жауын-шашын көлемі аз болды. Құрғақшылықтан еліміздің батыс өңірлерінде шөп шықпай қалды. Салдарынан төрт түлік қырылды. Егін шаруашылығы саласы да қиын кезеңді бастан кешіруде. Солтүстік диқандары өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға аз өнім алды. Басты импортер саналатын Ауғанстандағы саяси жағдай экономикаға да әсер етті. Салдарынан өнімді экспортқа шығаруда кедергілер пайда болды. Енді алдағы уақытта нан бағасы қымбаттай ма? Фермерлер бұл тығырықтан қалай шықпақ? Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстан астық одағының ресми өкілі Евгений Карабановпен сұхбат құрды.

– Солтүстік шаруалары жақсы өнім ала алмағаны анық. Жалпы биылғы күзгі орақ қалай болды?

– Биылғы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Жаз мезгілі егістік үшін қолайсыз болды. Бидайды гектарынан небәрі орта есеппен 9,2 центнерден жинадық. Бұл орташа нәтижеден де төмен. Бірақ ең нашар көрсеткіш деуге де болмас. Еліміздің 30 жылдық тарихында бұдан да аз өнім алған кездер болды. Қазақстанда егіншілікпен айналысатын 80 мыңнан астам фермер бар. Барлығы да осы маусымда бірталай қиындықты басынан кешірді.

– Астық экспортында қандай қиындықтар кездеседі? Әсіресе Ауғанстанға тауар тасымалы қалай жүріп жатыр?

– Ауғанстан – біздің негізгі импортерлардың бірі болып келді. Бұл тізімде Тәжікстан мен Өзбекстан да бар. Былтыр Қазақстаннан Ауғанстанға 1 млн 150 тонна ұн, 530 мың тонна бидай жөнелтілді. Өзбекстан да бізден алған бидайдан ұн үгіп, Ауғанстанға жөнелтеді. Соның барлығын қоссақ, ауған еліне Қазақстаннан 3 млн 200 тонна бидай барды. Бұл барлық экспорт көлемінің 45 пайызын құрайды. Ауғанстандағы саяси жағдайдың тұрақсыздығы халықаралық нарыққа да әсер етіп жатыр. АҚШ үкіметі орталық банкіндегі долларлық активтерді бұғаттауы, Ауғанстан банктеріндегі де корреспонденттік қарым-қатынастың тоқтауы жағдайды ушықтырып жіберді. Кедергісіз төлем жасау мүмкіндігі жоқ. Ақша БАӘ, Қатар, Түркия сынды мемлекеттер арқылы «қисық схемамен» аударылып жатыр. Экспорт көлемі екі есе төмендеп кетуі мүмкін. Ауғанстан қалған өнімді бірінші кезекте Пәкістаннан алады. «Талибан» қозғалысының саяси қолдаушысы да осы мемлекет. Ал экономикалық тұрғыдан сүйеніш болып отырған Қатар мемлекеті. Пәкістан әлемдік нарықтан 2 млн тонна бидай алуға ниет білдірді. Осылайша Қазақстан үшін тиімсіз жағдай қалыптасты.

– Қазақстанның ішкі сұранысын қамтамасыз ету үшін жылына неше тонна бидай қажет?

– Өткен жылы еліміздегі наубайханалар 528 мың тонна нан өндірді. Бұл ресми мәлімет. Оған ауылдарда, тұрғындардың үйде пісіретін нан өнімдері кірмейді. Сонымен қатар 178 мың тонна макарон өндірді. Бұның бәріне 480 мың тонна бидай жұмсалды. Бидайды жем-азық ретінде пайдаланатын кездер де болады. Тұқымдық 1,8 млн тонна бидай сақталады. Спирт өндірісінде, жарма жасауда, кондитерлік өнімдер пісіруде пайдаланылады. Тағы басқа мақсаттарды қосқанда Қазақстан халқы жылына орта есеппен 6,2 млн тонна бидай тұтынады.

– Елімізде астық экспортына кедендік салық енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл мәселе төңірегіндегі ойыңызбен бөліссеңіз...

– Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Біздің фермерлер жақсы өнім ала алмады. Соның кесірінен бірталай қиындықтар туындады. Астық бағасы жоғары болса ғана олар бұл тығырықтан шыға алады. Алайда қымбатшылық қарапайым халық үшін жақсы емес. Бағаның қамбаттауы ешкімді қуантпасы анық. Сондықтан екі жақты тең ұстап тұру үшін ортада баланс керек. Бұл жерде ең қарапайым шешім мәселеге «Азық-түлік корпорациясының» араласуы. Олардың сатып алған өнімі жетпеуі мүмкін. Біз Астық одағы тарапынан ұсыныс жасадық.  Экспортерлар шет елге шығаруды жоспарлаған бидай көлемінің 10 пайызын «Азық-түлік корпорациясына» төмен бағамен сатады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне осындай ұсыныс жолдадық.

– Қазір бидайдың тоннасы қанша тұрады?

– Бүгінгі ішкі нарықта бидайдың тоннасы 120 мың теңге тұрады. Экспортқа 295-305 АҚШ долларынан сатылып жатыр. Бағаға бидайдың сапасы, сатып алушылардың тауар үшін ақша төлеу мерзімі есепке алынады. «Азық-түлік корпорациясының» биыл бидайға бекіткен бағасы жаман емес. Тоннасына 107 мың теңге деп белгіледі. Оның көктемге бекітілгенін де есепке алу керек. Былтырғы баға 83 мың теңге болған. Бұл фермерлер үшін жақсы қолдау болуы керек.

– Сіздің болжамыңыз бойынша бидай, нан бағасы тағы да көтеріле ме?

– Бидай, нан өнімдерінің бағасы көтеріліп үлгерді. Көптеген шаруашылықтар жабылып қалудың алдында тұр. Қазақстанның экономикасы әлемдік нарықпен тығыз байланысты. Көптеген елдерде мұнай, газ, жанар-жағармайдан бастап азық-түлікке дейін қымбаттап жатыр. Бұл процесс жалғасуда. Өйткені тұтыну көлемі артып жатыр. Кейбір  мемлекеттер қор жинауда. Пандемия соған итермелеп отыр. Көптеген елдерде жаппай карантин енгізілген кезде жылдар бойы қалыптасқан сауда-экономикалық тізбектер бұзылды. Тауар айналымы тоқтады. Кейбір өнім түрлеріне дефицит пайда болды. Осындай жағдайлардың алдын алғысы келген елдер қор жинақтауға көшті.

– Біз түрлі технологиялар дамыған заманда өмір сүріп отырмыз. Ауа райына тәуелді болмай-ақ жоғары өнім алып отырған мемлекеттер бар. Неге Қазақстанда егін өсірудің тың тәсілдері жетпей жатыр?

– Өнім тек жылыжайда ғана климатқа тәуелсіз. Себебі онда барлық жағдай жасалған. Түсетін жарық көлемі, құйылатын су – бәрі реттелген. Негізгі өнімді күздік бидай береді. Солтүстікте оны көп егуге жағдай жоқ. Себебі күн өте суық. Күздік бидайды Қазақстаның оңтүстік өңірлерінде ғана егуге болады. Ресей жылда алатын өнімнің 70 пайызын осы күздік дақылдар құрайды. Ол Оңтүстік Федералдық, Солтүстік Кавказ округте егіледі. Украина өнімінің де 90 пайызы күздік бидайдан құралған. Еуропа да солай. Бізде де күзде егілген дақылдардан бір жыл өнім алсаң, келер жылы түк шықпауы мүмкін. Тәуекел басым. Сондықтан біз негізінен жаздық бидай егеміз. Ол күздік дақылдан егу, пісу мерзімімен ерекшеленеді. Оның құрамында клейковина, ақуыз көп. Яғни аз болса да, сапалы өнім аламыз. Ол әлемдік сұранысқа, яғни жоғары сұранысқа ие. Сонысымен де қазақстандық бидай әлемдік брендке айналды.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Серіктес жаңалықтары