Аграрлық несие корпорациясы өңірлердегі бизнесті микроқаржыландыруға 22,5 млрд теңге бөлді

Azattyq Rýhy

Бұл қаражат ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, шағын бизнес, микрокәсіпкерлік өкілдеріне, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған

Аграрлық несие корпорациясы өңірлердегі бизнесті микроқаржыландыруға 22,5 млрд теңге бөлді

«Бәйтерек» ҰБХ еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ микроқаржы ұйымдарын қаржыландыру үшін кредиттік желілер ашты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Енді жылдық 6%-бен берілетін жеңілдетілген несие шағын бизнес үшін қол жетімді болмақ.

«Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған 15 шағын қаржы ұйымы – Аграрлық несие корпорациясының серіктесі. Бұл қаржы институттары Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан өзге еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан.

Бюджеттік қарызды «Бастау Бизнес» жобасының және де басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі кәсіпкерлік негіздерді оқыту курстарының түлектері ала алады.

«Олардың бизнес-бастамаларын қолдау үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 22,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, шағын бизнес, микрокәсіпкерлік өкілдеріне, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Ол төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттер түрінде беріледі. Мал шаруашылығы саласындағы жобалардың кредиттеу мерзімі – 7 жылды, басқа салаларда 5 жылды құрайды», ˗ дейді Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасының орынбасары Айжан Кенжебаева.

Бағдарлама микроқаржыландыруды дамыту бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру негізінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Кредитке өтінім беру үшін «Бастау Бизнес» жобасының немесе басқа да мемлекеттік бағдарламалардың сертификаты, сондай-ақ кепілге қоятын мүлкі болуы қажет. Содан кейін бизнес-жоспарды қорғаған қатысушы МҚҰ-нан несиені рәсімдей алады.

Микрокредиттің ең жоғары сомасы ауылдық елдімекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейін (7,2 млн теңге), қалаларда, моноқалаларда (Шымкент, Ақтау, Атыраудан басқа) – 6,5 мың АЕК-ке дейін (18,9 млн теңге), Шымкентте, Ақтауда, Атырауда – 8 мың АЕК-ке дейін (23,3 млн теңге) құрайды.

Қазір кәсіпкерлердің МҚҰ-дан бюджеттік несие алуға мүмкіндіктері бар. Бөлінген 22,5 млрд теңгенің ішінен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ микроқаржы ұйымдарынан жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге өтінім қабылдады. Оның ішінде қазіргі уақытта 2,6 млрд теңгеге микрокредит берілді.

Осы бағдарламаны іске асыру арқылы Аграрлық несие корпорациясы қолжетімді қаржыландырумен кәсіпкерлік субъектілерінің кең ауқымын қамтуға септігін тигізеді. Өз кезегінде бұл ауылдық жерлердегі азаматтардың әл-ауқатын арттырып өндіріс орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, қызмет көрсету саласын дамуға мүмкінідік береді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.