Қазақстан әлемдегі ең қымбат авиаотынды тұтынып отыр
Бұл ұшақ билеттерінің бағасына да әсер еткен
Еліміздегі авиакомпаниялар мен ірі әуежайларға қараша айына жоспарланған отынмен қамту көрсеткіші орындалмады. Енді жағдайды тұрақтандыру үшін Қазақстан Ресейден авиакеросин импорттауға мәжбүр деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Белгілі болғандай, тасымалдауға кеткен шығынды есепке алғанда авиаотынның құны әлемдегі ең қымбат отын ретінде тіркелген.
Энергетика министрлігінің Azattyq Rýhy-на берген ресми жауабында биылдың 10 айында авиакеросиннің орташа айлық тұтынуы 53,4 мың тонна екені айтылған.
«Биыл әуе керосиннің өндірілетін көлемі қараша айында – 46 мың тонна және желтоқсан айында шамамен – 55 мың тонна көлемінде жоспарлануда. Сонымен қатар, 2021 жылы брент маркалы мұнай бағасының өсуіне байланысты қараша айында ірі ресурс ұстаушыларда 1 тонна әуекеросиннің бағасы 248 мың теңге немесе 499 доллар болды. Елімізде әуеотынның бағасын сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады, яғни нарықпен реттеледі. Қазіргі уақытта 3 ірі МӨЗ-де өндірілетін авиациялық керосиннің сатылуын жүзеге асыратын шамамен 29 ресурс ұстаушы ұйым бар», - делінген министрлік берген жауапта.
«Argus Каспий нарығының» зерттеуіне сәйкес, егер 2021 жылдың басында Қазақстандағы авиаотынның бағасы орташа әлемдік бағадан 25%-ға төмен болса (Қазақстанда шамамен 400$ және Еуропада 500$), қазан айының соңына қарай Қазақстандағы баға әлемдік деңгейден 17% (Қазақстанда шамамен 900$) асып кеткен.
Белгілі болғандай, Еуропада авиакеросиннің бағасы тоннасына шамамен 720 доллар, Қытайда 750 доллар, Ресейде 710 доллар, Қырғызстанда 750 доллар, Өзбекстанда тоннасына 800 доллар болды.
Елімізде әуе отыны бағасы қымбаттап, тапшылық туындап жатқан кезде авиаотын ұрлау деректері де орын алған.
Мысалы, 19 қарашада Қаржы мониторингі агенттігі 63 мың тоннадан астам авиаотынды ұрлау ісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны туралы есеп берді. Іс сотқа жеткенімен соңында сот авиаотынды ұрлады деп күдікке ілінгендердің кінәсінің дәлелдеріне қарамастан қылмыскерлерді бостандыққа шығаруға шешім қабылдады.
Сарапшылар отын тапшылығын елдегі МӨЗ-дің әлеуетімен байланыстырады. Айта кетерлігі, авиаотын бағасының қымбаттауы билет құнына да айтарлықтай ықпал етеді.