ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Министрлік $67 млн қарыз алып, қала мен ауыл білімінің деңгейін теңестірмек

Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен орта білімді жаңғырту үшін 67 млн доллар қарыз алған

Аzattyq-ruhy-ның ресми сауалына жауап берген Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 67 млн доллар қарыз жылына  0,25%-бен 17 жылға берілген.  Келісім қол қойылған 2017 жылдың 21 тамызындағы доллар бағамы бір доллар үшін 334 теңге деп есептесек, қарыздың теңгеге шаққандағы сомасы 22 млрд 378 млн теңге шамасында.  

Үкімет неге 17 жылға қарыз алып отыр?

Келесі жылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл болады. Алайда, интернеті мен принтері жоқ ауыл мектептері әлі бар. Білім министрлігінің ресми жауабында айтылғандай, қарыз қаражаты осы мәселелерді шешуге жұмсалады. Дәлірек айтсақ, жобаның маңызды бағыттарына:

-ауыл мектептерін мультимедиялық жабдықтармен жабдықтау;

-ауыл мектептерінің мұғалімдері мен директорларының педагогикалық әлеуетін күшейтуге;

-инклюзивті білім беру мамандарын даярлау;

-ресурстық орталықтарды ашу және жабдықтау арқылы инклюзивті білім беруді қолдау бағыттары кіреді.

«Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірге 5000 жалпы білім беретін мектепті мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қазір жабдықтарды таратудың әдіс-тәсілі дайын тұр. Осы әдіс-тәсілге сәйкес барлық облыстың ауыл мектептері компьютер және принтерлермен жабдықталады», - деп хабарланған министрліктің жауабында.

Қарыз арқылы ҰБТ форматы қайта қаралады

Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсартудан басқа қарыздың «арқасында» Қазақстандағы білім беру сапасы қайта қаралмақ.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың қол қойылған ресми жауапта «келешек мұғалімдерді даярлаудың» жаңа моделі әзірленеді деп хабарланып отыр.

 «Білім мазмұнын жақсарту үшін оқулықтардың сапасын сараптайтын талаптар әзірленеді, мамандар даярланады және жаңартылған білім мазмұны мен үш тілде оқыту бағдарламасына тәуелсіз бағалау жасалады», - деп хабарлайды дереккөз.

Ал, оқушыларды бағалау жүйесін жақсарту аясында «оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың (ОЖСБ) және ұлттық бағалау тесттің (ҰБТ) форматы қайта қаралады».

Интернет орнына – микро орталық

67 млн доллар қарыздың ақшасынан орта білім беретін мектептерге кеңжолақты интернет тарту көзделмеген. Оның орнына Білім министрі ауыл мектептері «ақпаратты қала мектептерімен бірдей өңдей алуы үшін» микро орталық ашып бермек. Микро орталықтың жұмысы толық сипатталмаған, тек ол «сымсыз» байланыс арқылы ғана  жұмыс істейтіні хабарланып отыр.

Айтпақшы, Білім министрлігі білім беру және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында мектептерді материалдық-техникалық базамен толық қамту үшін бұл қарыздан тыс, Үкіметтен тағы 400 млрд теңге сұрап отыр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан