2019 жыл: қаржы және экономика саласындағы басты оқиғалар
Жылдың ең елеулі қаржы және экономикалық жаңалықтары қандай болды?

«Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігі 2019 жылдың қаржы және экономика саласындағы айтулы оқиғаларына шолу жасады
ҰЛТТЫҚ БАНК БАСШЫСЫ АУЫСТЫ
Жылдың басында ең негізгі қаржы реттеуші – Ұлттық банктің басшысы ауысты. Орталық банкті 3,5 жыл басқарған Данияр Ақышевтың орнына анағұрлым тәжірибелі, Үкімет басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілген Ерболат Досаев келді. Ол 2013-2014 жылдары Ұлттық экономика министрі, 2012-2013 жылдары экономикалық даму және сауда министрі, 2004-2006 жылдары Денсаулық сақтау министрі, Қаржы министрі болды. Ал, 1998 жылы Қазақстан премьер-министрінің кеңесші болды. 2018 жылы тамыз айында премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.
Ол еңбек жолын ірі бизнестен бастап, мемлекеттік қызметте әр саланың басын ұстаған әккі шенеунік. Досаевтың 1987 жылы Алматыда Республикалық физика-математикалық мектеп-интернатын бітіргенін, Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде оқығанын ескерсек, қаржы саласынан гөрі энергетика және техника бағытын басқаруға лайықты маман. Оның денсаулық сақтау саласының да тізгінін ұстап, басы дауға қалғанын көзіқарақты оқырман ұмыта қойған жоқ.
ДЕВАЛЬВАЦИЯ ЫҚТИМАЛДЫҒЫ
Қазақстан валютасы биыл да жүрісінен жаңылған жоқ. Өтіп бара жатқан жыл әне-міне девальвация болады деген әрі-сәрі көңіл күймен де ерекшеленді. Беделді деген қаржы сарапшыларының өзі ұлттық валюта құнсызданады деген болжамға көбірек сеніп, осындай болжамға жақын сұхбаттар берумен болды. Жыл басында басталған саяси оқиғалар теңгеге деген сенімге селкеу түсіріп, күмән туғызды.
Елдегі президент сайлауынан соң да ұлттық валюта енді ешкімге ырық бермейді деген қауесет ел ішін кезіп жүрді. Ақырында бұл болжамдар күздің салқын күндеріне қарай ығыстырылды. Халықаралық мұнай нарығындағы құбылмалылық, қара алтын құнының көтерілуі, Ресейдегі саяси әрі қаржылық тұрақтылыққа қарамастан, АҚШ ақша бірлігі жыл басынан бері теңгеге шаққанда 3-3,5% қымбаттаған. Сарапшылар өткен жылдың соңында 2019 жылы доллардың Қазақстандағы шарықтау шегі 380 теңге деп болжаған. Доллардың ықтиал курсын қаржылық құрылымдар да, инвестициялық орталықтар мен Ұлттық банк те кесіп-пішіп айта алмады. 2019 жылы доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 385,3 теңгеге жетті.
НЕСИЕ РАҚЫМШЫЛЫҒЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусымда «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Осы жарлыққа орай көп балалы отбасылардың, мүгедектер мен жетім балалардың кепілсіз тұтынушылық борыштарын өтеуге тапсырма берілді. Бұл ретте несие 1 шілдеге дейін рәсімделген және олардың қарыздарының жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс еді.
Кредитті кешіру науқаны бойынша, Үкімет екінші деңгейлі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тәртіпте шаралар қабылдады. Несие рақымшылығына 1,4 миллион адам ілінген. Олардың 33 млрд теңге берешегі кешірілді.
БЖЗҚ ҚАРАЖАТЫНА БАСПАНА САТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде алғашқы жолдауында (2 қыркүйек –авт.) зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруды сөз етті. Мемлекет басшысы азаматтарға зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру мәселесін пысықтауды үкіметке тапсырды. Президент зейнетақы жинақтарын баспана сатып алуға немесе білімге жұмсауға болатынын айтқан. «Зейнетақы қорындағы қаражатқа баспана сатып алуға бола ма?» деген мәселе қоғамда ең көп талқыланған тақырыпқа айналды. Осы тақырыпты Google іздеу жүйесіне енгізсеңіз, тек қазақ тілінде жарияланған 30 мың мақалаға тап боласыз. Демек, қаржы тақырыбы бойынша елді ең көп алаңдатқан және кеңінен талқыланған мәселе екеніне ешкімнің таласы жоқ.
«Үкімет пен ұлттық банк зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы қажет. Бүгінде жұмыс істеп жүрген адам зейнетақы жинақтарын ертерек пайдалана алмайды. Оны заң бойынша тек зейнетке шыққан кезде ғана алуға рұқсат. Бірақ ол ақшаның зейнетке дейін пайдаланамын дейтін адамды да түсіну керек. Сондықтан Үкімет жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтап, ұсыныстар енгізсін»,- деді Қ. Тоқаев.
Алайда БАҚ өкілдері мен экономистер Қазақстандағы зейнетақы қорындағы жинақтарға сараптама жүргізіп, бұл қаржымен баспана алу мүмкін емес деген қортындыға келген. Ірі қалаларда ең арзан басапаны алуға қажетті соманы елдегі салымшылардың тек 1 пайызында ғана мүмкіндік барын айтты. Үкімет те, Ақорда да бұл бастамаға қатысты әзірге тоқетер сөзді айтқан жоқ.
ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН ИГЕРУГЕ ШЕТЕЛДІК БАНКТЕР КЕЛЕДІ
Келесі жылдан бастап Қазақстанда кез келген шетелдік банк аумақтық филиалын аша алады. Сарапшылар отандық банк секторындағы бәсекелестіктің жоқтығы саладағы дамуды тежеп отырғанын жиі айтады. Жақында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов Сенат отрысында шетелдік қаржы инситуттарының лицензия алып, Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік берілетінін мәлімдеді. Алайда сырттан келетін банктерге бірнеше талап қойылады. Басты талап – банктің қаржылай қоры 20 млрд доллардан кем болмауы тиіс. Бұл дүниежүзілік сауда ұйымының қойған шарты.
Қазір Қазақстанда 14 шетелдік банк жұмыс істейді. Олардың қатарында Ресей, Түркия елдерінің банктері бар. Еуразиялық одақ елдері арасындағы келісім бойынша Беларусь, Армения, Қырғызстан өкілдері біздің елде кедергісіз банк филиалдарын аша алады. 2020 жылдың желтоқсанынан бастап шетелдік банктер Қазақстанда филиалдарын ашу мүмкіндігіне ие. Қаржылай қордан бөлек оларға қойылатын тағы бір талап - жеке тұлғалардан депозиттік салым ретінде 120 мың доллардан жоғары сома алуға рұқсат етіледі.
БАНК АКТИВТЕРІНІҢ САПАСЫН ТЕКСЕРУ ЖҮРІП ЖАТЫР
Биыл тамыз айында банк секторы активтерінің сапасын тексеру басталды. Ұлттық банк екінші деңгейлі банк активтерінің өтімділігін бағалауға (Asset Quality Review) кірісті. Банктердің қаржылық сапасы мен болашағын бағдарлайтын ревизияға 14 банк қатысып жатыр. AQR бойынша барлық банктер халықаралық аудиторларға тиісті ақпараттарды ашып көрсетуге міндетті. Мұндай сүзгіден өткізу науқаны жыл сайын жүргізіледі. Сарапшылар қаржы инситуттары өз активтерін жария етуді үйренуі тиіс деп есептейді. Алайда отандық банктердің құрылтайшылары бұған көп жағдайда дайын емес. Халықаралық аудиторлар мен консультанттарға қысым көрсетіліп, активтер көлемін «жасыруға» мүдделі екені айтылып жүр.
Ерболат Досаев (Ұлттық банк төрағасы – авт.) AQR бойынша алдын ала тексерулердің қортындысы белгілі деп мәлімдеді. Жоспар бойынша банк активтерінің сапасын тексеру желтоқсан айында аяқталады. Ол банк секторының қаржылық тұрақтылығын кешенді бағалау, банк жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, отандық банктердің инвесторлар мен салымшылар алдындағы сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2020 жылдың қаңтар айында қай банктің «әлсіз» екенін байқауға болады.
ҚАЗАҚСТАН БАНКТЕРГЕ КӨМЕК РЕТІНДЕ 1 МЛРД ДОЛЛАР ЖҰМСАМАҚ
Ұлттық банк екінші деңгейлі банк активтерінің сапасын бағалауды (Asset Quality Review) аяқтаған соң, отандық 4 банк қаржылай көмек алуы мүмкін. Әзірге 2019 жылдың қаржы секторындағы ең соңғы жаңалық осы. Бұл туралы желтоқсан айының басында Reuters ақпарат агенттігі жазды. Алайда, бұл ақпаратқа байланысты Қазақстан Үкіметі де, Ұлттық банк те БАҚ беттерінде жауап қайтарған жоқ. Ұлттық банк төрағасы желтоқсанның басында банк активтерінің сапасына жасалған сараптаманың (Asset Quality Review) қортындысын әлі талқылап жатқанын айтумен шектелді.
Дереккөздердің айтуынша, банктерге берілетін кезекті «сауықтыру» шараларына 1 триллион теңге жұмсалмақ. Ал Қазақстан Үкіметі келесі жылғы жалпы шығынды 12,9 трлн теңге көлемінде болады деп бекіткен. Reuters басылымының жазуынша, бұл қадам Қазақстан Үкіметін қосымша қарыз алуға итермелеуі мүмкін немесе қаржыландыруды Ұлттық банк жүзеге асыратын болса, бұл әрекет теңгеге айтарлықтай кері әсерін тигізеді. «Қазақстанда банк жұмысын сараптау нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша, мемлекет кем дегенде 4 жергілікті банкке көмек ретінде 1 млрд доллар беруді жоспарлап отыр» деп жазады халықаралық басылым.
2019 ЖЫЛДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ КӨРСЕТКІШІ
Халықаралық валюта қорының деректерінде Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің өсімі 2019 жылдың үш тоқсанында 4,4%-ға тұрақтағаны айтылған. Экономика министрі Руслан Дәленов қысқа мерзімді болжамдар жыл соңына дейін өзгеріссіз қалады деді. Министр бұл көрсеткішті мұнай өндірісі көлемінің артуы, тартылған инвестиция мен шағын және орта бизнес үлесінің көбеюімен байланыстырып отыр.
Ал бір жыл бұрын Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,1%-ды көрсетті. Сол кездегі ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылы ел экономикасының өсіміне инвестициялық және тұтынушылық сұраныстың жоғары болуы, экономиканың негізгі секторларында өндірістің белсенділігі оң әсер еткенін айтты. Ол кезде жылдық инфляцияның көлемі 5,3% көлемінде тұрақтаған.
Ұлттық экономика министрлігі 2019-2023 жылдары Қазақстандағы ЖІӨ 4,1%-дан төмендемейді деп болжап отыр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы